Тұрғындардың тілегі назарға алынды

Тұрғындардың тілегі назарға алынды

Райымбек ауылдық округінің тұрғындары аудан әкімінің есептік кездесуін тыңдап, бірқатар келелі мәселелерді талқылады. Жиынға сондай-ақ, аудан басшысы Жандарбек Ермекұлының тиісті тапсырмаларына жауапты оның орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Аудан әкімінің жергілікті халықпен өткізген биылғы есептік кездесуі былтырғыдан өзгеше десек болады. Олай деуімізге негіз де бар. Неге десеңіздер, өткен жылы тұрғындарды алаңдатқан бірқатар сұрақтардың көбісі бүгінгі басқосуда көп айтылмады. Расымен де, былтыр сөз болған мәселелер өз деңгейінде шешімін тапқанын айта кеткен жөн. Тек быил әдеттегідей бірнеше жыл уақытты талап ететін күрделі мәселелердің айналасында сөз болып, көпшіліктің талқылауына тағы түсті. Олардың ішінде, әрине, білім саласының ақсауына септігін тигізіп отырған Бұлақты мен Долан ауылындағы ескі мектептердің жағдайы бар. Жұртшылықтың жаппай екі бірдей жаңа білім ошағын талап етуінен аудан басшысы бұрыннан хабардар еді. Ол жайында Жандарбек Ермекұлы тұрғындарға кеңінен баяндап, жұмыс барысы қалай жүзеге асатынын да нақтылап түсіндірді.

Сонымен доландықтардың дау-дамайына айналған жаңа мектепке қатысты жалпы жұмыс жоспары биыл басталып, алдағы екі жылдың ішінде ел игіліне беріледі деп күтілуде. Ал, Бұлақты ауылындағы бастауыш мектептің құрылысы ағымдағы жылдан қалмай басталады. Міне, бұл айтылғандар жайында аудан басшысы өз сөзінде бірнеше жағдайларды дәйек ретінде жеткізіп, күрделі мәселенің шешілуі тек уақыттың еншісінде екенін жеткізді.

Тұрғындар тарапынан жарыққа, суға, жолға қатысты сауалдар да қойылды. Оның әрқайсысына аудан басшысы жеке-жеке тоқталып, жақын уақытта шешілетін мәселелерді округ әкімі Елжан Туленбаев пен тиісті бөлім басшыларына тапсырды. Ал, судың жағдайын «Қаскелең су жинақтау топтасы» жобасымен байланыстырып, оның да жай-жапсарын ашып айтты. Нақты айтқанда, республикалық бюджеттен бөлінген қаржының көмегімен қайта түзету жұмыстары арқылы осы округке кіретін бес ауылдың (Қырғауылды, Долан, Абай, Бұлақты, Райымбек) сумен жабдықталу жобасы қолға алынады. Осы бастама іске асып жатса, жұмыстың қарқыны да үдейтіні анық. Оған басты себеп – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жүктеген тапсырмасына сәйкес, 2023 жылға дейін Қазақстанның барлық өңірі сумен қамтамасыз етілуі тиіс деп айтқаны. Мұны аудан басшысы тұрғындармен тілдесу кезінде де сөзіне тұздық етті.

Назарға алынған мәселелердің арасында Жаңатұрмыс ауылының бір топ белсенділері көтерген бірқатар сауалдарды айтуға болады. Ауылдастарының аманатын арқалағандар қоқыс пен автобус тұрағының жоқтығын, сондай-ақ, ауылының ауыз су тапшылығын негізге алды. Бұл айтылғандарға аудан басшысы есептік кездесу барысында қысқаша түсіндіріп, шағымданушыларды кестеге сәйкес жиын соңында қабылдады. Осылайша, Жандарбек Ермекұлы жиын соңында белсенділердің тілегін ескеріп, мәселелерін шешу жолын қарастыратынын айтты.

Жалпы, есептік кездесуде талайларды алаңдатқан жағдайдың жай-жапсары толығымен талқыланды. Жиынның басында көпшіліктің пікірі екі жақты болғанымен, аудан әкімінің атқарған еңбегін елеп-ескеріп, берген уәдесіне орай жұртшылық ризышылықтары да арта түсті.

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях