Демалыс күндері аудан бойынша карантиндік режим қайта күшейтіледі

Демалыс күндері аудан бойынша карантиндік режим қайта күшейтіледі

Коронавирус індетінің таралуын алдын алу үшін Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің өткен аптадағы, яғни, №8 қаулысына сәйкес, Қарасай ауданы бойынша алдағы сенбі-жексенбі күндері карантиндік режим қайта күшейтіліп, кейбір шектеу шаралары енгізіледі, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

Алдағы демалыс күндері ашық, жабық, азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, сауналардың, СПА-орталықтардың, бассейндердің жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Дәл сол сияқты аудан аумағында орналасқан төмендегі қызметтердің жұмыс істеуіне де рұқсат етілмейді:

  • толтырылуы 50%-дан жоғары, оның ішінде залдарда 30 орыннан жоғары қоғамдық тамақтану орындары мен банкет залдарға;
  • барлық меншік нысанындағы мектепке дейінгі ұйымдарға (15 адамнан аспайтын кезекші топтарды қоспағанда);
  • балалардың сауықтыру лагерлеріне, ойын-сауық орталықтарына (ойын алаңдары); аттракциондарға;
  • ойын-сауық нысандарға (түнгі клуб, кальян, букмекерлік кеңсе, караоке, PS-клуб; боулинг-орталықтар, компьютерлік, лото клубтар, цирктер, бильярд залдары);
  • облысаралық/қалааралық/ауданаралық туристік тасымалдау қозғалысына;
  • республикалық, облыстық, аудандық спорттық шараларды;
  • білім беру орталықтарынан басқа, секциялар мен үйірмелерге;
  • мәдениет нысандарына (мұражайлар, мәдениет үйлері, концерт залдары және т.б.)
  • қашықтан оқыту нысанын қоспағанда, техникалық және кәсіптік, орта және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының дәстүрлі форматта оқытуына;

Жоғарыда атап өтілген шектеулерден бөлек, 65 жастан асқан тұрғындардың көшеде жүруіне және кеңестік отырыстарды жаппай өткізуге тыйым салынады.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) 9:00-ден 15:00-ге дейін аралықта алдын ала брондау бойынша онлайн форматта қызмет көрсетеді. Кезекке тұру «egov.kz» сайты, «EgovKZBot2.0» телеграмм-бот және «1414» call-орталықтары арқылы жүзеге асырылады.

Аудан ішінде қоғамдық көліктер тоқтатылмайды. Олардың жұмыс уақыты 23:00-ге дейін ұзартылады.

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях