Латынға көшу ме, оралу ма?

Латынға көшу ме, оралу ма?

Президент  «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латынға көшіруді тапсырды. Латын графикасымен жазатын ағылшын тілі дүниежүзіне ең көп таралған халықаралық тіл. Президентіміздің үш тұғырлы тіл саясатында да жастардың ағылшын тілін үйренуіне үлкен мән берілген.

Жастарға ғана емес, жалпы қазіргі қоғамда латын графикасын қолдану  қолайлы болып келе жатқандай. Себебі, ғаламтордағы желілердің барлығы латын әліпбиімен жазылған. Латынша жазу білмесек, әлемтордан мақрұм қаламыз.

Бүгін , Қаскелең қаласындағы орталық кітапханада «Латын әліпбиі – рухани жаңғырудың негізі» атты көрме өтті. Шараға, Алматы облысының мемлекеттік архив қызметкерлері, кітапханашылар, ауданның ақын-жазушылары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, әдебиетшілер, тарих мамандары, зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты.  Жиында,  латын әліпбине ауысу туралы әңгіме қозғалды. «Алматы облысының мемлекеттік архивы» Қарасай аудандық филиалының архивисті Әсел Ниетқалиева өз сөзінде, Алматы облысы бойынша архив мекемелерінен 1928-1941 жылдар аралығында латын әліпбиімен жазылған, жалпы саны 77 қор, 1760 іс, 59277 парақ айқындалып, жұртшылық назарына ұсынылып отырғанын айтты.

Одан кейін сөз тізгінін алған «Ғылыми анықтамалық және құжаттарды пайдалану бөлімінің» маманы, тарихшы-архивист Нұржан Сәдірбекұлы қонақтарға көрменің мақсат-міндеттерін кестелеп түсіндіріп берді. – Лингвист ғалымдардың айтуынша, «Мінсіз әліпби» деген ұғым жоқ – деді ол. Барлық тілдер уақыт өте келе фонетикалық өзгерістерге, тілдік коды оптимизацияға ұшырайды, халықаралық терминдермен толыға түседі, яғни, тіліміз әрқашан заманмен бірге жаңарып отырады.

Нұржан Сәдірбекұлы ежелден қолданылған тілдер тарихын да тізбектеп берді. Маманның сөзіне сүйенсек, VI-VII ғасырларда пайда болған «Көк түріктің» жазуы адамзаттың ең көне жазу типі еді. V-XV ғасырларда түркі  тілі Евразиядағы қарым қатынас тілі болды. Мысалы, Алтын Орда мемлекетінде ресми жазбалар мен дипломатиялық құжаттар негізінен түркі тілінде жүргізілді. Х ғасырдан бастап, ХХ ғасырға дейін, яғни, 900 жыл бойы Қазақстан территориясында араб графикасы қолданылып келді. Араб графикасы Қазақстан территориясындағы мемлекеттік құрылыстармен және мекендеген  тайпалардың ислам дінін қабылдауымен тығыз байланысты болды. ХХ ғасыр басында Түркі халықтарының Батыстың ықпалына түсуі, Батыс елдерінің мәдениетімен таныстығы артты. Түркі халықтары ішінде ең бірінші, түрік және әзірбайжан халықтары араб графикасын тастап латын әліпбиіне өтті. Латын алфавиті реформасы Еуропа елдеріне жақындау, өркениетке ілесу, ғылым-білімді дамыту, модернизация, лаицизм, халық ағарту ісі мақсатымен жүргізілді. Сонымен қатар, латын алфавиті Қазақстанда 1929-1940 жылға дейін қолданылғанын айтты. Ендеше, латынға көшу ме, оралу ма? Қызықты өткен жиында, латын әліпбиі қазағымызға жат болмағаны кеңінен дәлелденді.

Архив мамандарының сөзінен соң «Ашық үнтаяқ» айдары жарияланып, жиылған қауым пікірталасты. Бұл бөлімде, Қарасай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ләззат Әуелбекова латын әліпбиіне көшу мақсатында ауданымызда біршама дайындықтар жүріп жатқанын, алдағы уақытта латын әліпбиін үйрететін орталықтар ашылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, қала тұрғындары да латын әліпбиін қолдайтындығын айтып өтті.

Осылайша, «Алматы облысының мемлекеттік архивы» Қарасай аудандық филиалы ұйымдастырған бас қосу оның куәсі болғандардың дүниетанымын жаңғырта түсті.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях