Елге құрмет есік алдының тазалығынан басталады

Елге құрмет есік алдының тазалығынан басталады

Аудан әкімінің 5 наурыз 2018 жылғы №91 «Ауданның елді мекендерінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандырудың көктемгі екі айлығын өткізу туралы» Қаулысы негізінде жүйелі жұмыстардың қолға алынғаны белгілі. Яғни, апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелердегі реттілік қатаң бақылауға алынған. Алғашқы нәтижелер де бар. Қысқы қардың астына жасырынған күл-қоқыстар шығарылып, айналамыз абаттандырылып, көшеттер отырғызылды.  Алайда, бұл мәселеге келгенде, тазалықты орнатудан, оны ұстап тұрудың маңызы зор. Сәрсенбі күні біздің тілшілер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен бірге қала мен бірқатар округтерді аралап, орнықылық пен жинақылық жағын бақылап қайтты.

Рейд жұмысы Қаскелең қаласынан басталды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, апта сайынғы сенбіліктердің әсері бірден-ақ байқалады. Бірақ, кейбір көшелерді аралау барысында кей жерлерде басталған игі істер аяқсыз қалып қойғандай көрінді. Мысалы, Жанғозин көшесінен «КСМК 2» мекемесіне беттейтін бұрылыста ағаштардың бұтақтары кесілген күйінше қалып қойған. Ал, Достық көшесінде үйілген қоқыс шығарылмай әр жерде бір үйілген қалпы тұр. Қурайлар да шабылмай жол бойының сиқына сын келтіретіндей. Мұндай келеңсіздіктер Құрылысшы көшесінде де кездеседі. Әсіресе, көшемен жоғары қарай өрлей түссеңіз, жол бойындағы үлкен арықтың жабайы қоқыс алаңына айналып бара жатқанына куә боласыз. Тұрғындар үйлерінен шыққан тұрмыстық қалдықтарын қапқа салып, шығарып жүргенше, бірден осында әкеліп тастай беруді ыңғайлы көретіндей. Бірақ, тура қаланың ортасындағы қоқысқа толы арыққа күн ыси түссе шыбын-шіркей қаптап, жағымсыз иіс мүңкитінін қалай естен шығарды екен? Бұл жерде қоршаған ортаға деген қамқорлық, адамгершілік, мәдениет сияқты қарапайым қағидалар жайлы сөз қозғаудың өзі артық сыңайлы… Мақсатымыз – көпке топырақ шашу, тырнақ астынан кір іздеу емес. Негізі, қала әкімі Әділбек Далабаевтың басшылығымен аудан орталығының көрікті келбетін сақтау үшін көптеген жұмыстар қолға алынып жатқанына куәміз. Бір өкініштісі, кейбір тұрғындар сенбілікті жергілікті атқарушы органдардың міндеті деп түсініп, тіпті, өздеріне тиесілі аумақтарын, есік алдыларын жинастыруға ерінетіні жасырын емес. Ал жекелеген адамдардың мұндай салғырттығы мен немқұрайдылығы елді мекендердің немесе жалпы ауданның ажарына нұқсан келтіретіні анық. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, тазалық мәселесіне әрбір тұрғын үлкен ұқыптылықпен қарап, жергілікті жұртшылық ауызбіршілік танытса, нәтиже әлдеқайда жоғары болмас па еді?

Мұнан соң Әйтей, Жандосов, Ұмтыл ауылдық округтерін араладық. Алғашқы екеуінен ешқандай келеңсіздің көре алмадық. Барлық көшелер таза, қоқыстар жол жиегіне қапқа салынып қойылған. Қаңғыбас иттер шашып тасмағанына қарағанда, олар да уақтылы шығарылатындай. Алмалыбақ ауылынан да айтарлықтай былыққан көшені байқамадық. Тек, сол кесілген қурайлардың үйіліп қалып қойғаны болмаса…

Бірақ, бұл елді мекенде де тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарын бейберекет лақтырып үйренген жері бар. Ол – Алмалыбақ мектеп-гимназиясының артқы жағындағы, яғни, саяжайларға жалғасатын шағын көшенің бойындағы жабайы қоқыс тастайтын орын. Бұл жер туралы бұрындары да, күзгі рейд кезінде жазғанбыз. Бәлкім, жергілікті әкімдік оны жою үшін қандай да бір шараларды жүзеге асырған болар, бірақ, әзірге нәтижесі көрінбей тұр. Адамдардың дәл сол жолмен жүріп бара жатып, қолдарындағы қоқыс толы пакеттерін әдейілеп лақтыратыны көрініп тұр. Мектеп стадионы тура осы жермен шекаралас. «Осындай лас әрекетке баратындар қалайша білім мекемесіне баратын балаларының денсаулығына алаңдамайды екен?» деген сұрақ туды санамызда. Яғни, тағы да сол, әр жеке тұлғаның өзі ауасын жұтып, суын ішкен мекеніне деген сыйластығының аздығы себеп болып тұрғаны анық мұндай жағымсыз жайтқа.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Ермек Набиевтің айтуынша, өткен аптада, яғни, наурыздың 30-ында және 31-інде жалпы аудандық сенбілік болып, 500 адам, сондай-ақ, 15 техниканың көмегімен 300 тонна қоқыс шығарылған. Бір ескерерлігі, тазалық жұмысына атсалысқандардың басым бөлігі бюджеттік сала мамандары мен мемлекеттік қызметшілер. Ал, тұтас алғанда жекелеген тұрғындардың қатысу деңгейі өте төмен. Бұл мақсатта аталған бөлім тарапынан барлық округ әкімдіктеріне халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, билбордтар ілу туралы хат жолданған. Алайда, ол бойынша да нәтиже көңіл-көншітерліктей болмай тұрған көрінеді. Себебі, жергілікті жұртшылықты тазалық жұмыстарына атсалысуға шақыратын көрнекілік құралдары әлі ешбір округте орнатылмаған.

Рейд жұмыстары алда да жалғасатын болады.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях