Кітапханадағы ғажайып түн

Кітапханадағы ғажайып түн

Қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс. Бұл ретте өмір айнасы, тарих шежіресі саналатын кітап – рухани құндылықтың қайнар көзі. Әлемнің барлық кереметі мен жауһар туындыларын қағаз бетіне қаттаған кітапты насихаттау мақсатында кеше ауданымыздың орталық кітапханасында «Кітапханадағы ғажайып түн» акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен шараға қазақ тілінің жанашырлары, ауданымызға қарасты барлық кітапханалар қызметкерлері, оқырмандар мен аудан жастары қатысты. Шараның шымылдығы аудандық орталық кітапхананың директоры Улдархан Отееваның құттықтау сөзімен ашылып, мұнан кейін киелі кітап ордасының тұрақты оқырманының арнау өлеңімен жалғасты. Сондай-ақ, ашылу салтанатында келушілер кітапханашылардың арнайы дайындаған әнін де тамашалады.

Кітап пен оқуды халық арасында насихаттауды мақсат тұтқан тағылымды іс-шараға келушілер біршама қызықтарға тап болды. Алдымен қонақтар айтыскер ақын, ауданымыздағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиевтың «Ақын жолы» атты кітабының тұсаукесеріне қатысып, жазушының жаңа туындысымен танысып өтті. Мұнан кейін «Nur Otan» партиясының қолдауымен ашылған Коворкинг орталығындағы QR код арқылы кітаптың электронды нұсқасын оқуға болатын қосымша мен электронды қаламды қолданып көрді. Сонымен қатар, шарада түрлі байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға әртүрлі жазушылардың кітаптары табысталды. Акция аясында балаларға арналып кішігірім концеттік бағдарламалар мен ертегілерден әртүрлі көріністерде қойылды. Сондай-ақ, шарада кітапхана қызметкерлері Абай эстафетасы аясында ұлы ақынының өлеңін орындап, оны аудандық мәдениет және тілдер дамыту бөліміне жолдады. Жалпы, әлемді кітаппен тануға үндейтін акция жұртшылықты кітапханаға тартудың таптырмас құралы болды.

Өнер мен дәулет қонған жер саналатын біздің ауданымыз мұндай шара биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Қалай десек те жұртшылықтың жүрегінде кітапханадағы қызықты кезеңдер ретінде сақталып қалары сөзсіз. Осылайша, бірнеше сағатқа созылған «Кітапханадағы ғажайып түн» акциясы өз оқырмандарына қуаныш пен керемет көңіл күй сыйлады.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях