Іле ауданындағы «Болашақ» қоғамдық бірлестігінің атқарған жұмыстары ауқымды

0
967

Іле ауданы Алматы облысы бойынша қоғамдық қозғалыс дамыған аймақтардың алдыңғы шебінде. Солардың қатарында Өтеген батыр ауылындағы «Болашақ» әлеуметтік-азаматтық базисі де бар. Аталған қоғамдық бірлестік 20 жылдан бері үздіксіз билік, бизнес және қоғам арасындағы нақты әлеуметтік әріптестікті қалыптастырып, түрлі жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарып келеді, деп хабарлайды naqty.kz желілік басылымның тілшісі.

          Көптеген түйіткілді мәселелерді шешуге белсенді ат салысып келе жатқан аталған қоғамдық бірлестік  2002 жылы  қазіргі Іле ауданының мәслихат хатшысы Роза Абилованың бастамасымен  құрылған болатын. Бүгінде бұл ұйымды Мәншүк Бекқожаева басқарады.  Екі он жылдықты артқа тастаған «Болашақ» үкіметтік емес ұйымының басшылары ауысқанымен де басталған жобалары тоқтап қалған жоқ, керісінше уақыт өте келе дами түсті. Өйткені, олардың мақсаттары айқын, жоспарлары жүйелі, көтерген мәселері өзекті. Ел игілігіне жұмыс істейтін қандай бастама болсын қаржыландырусыз жүзеге аспайтыны белгілі. Сондықтан, қоғамдық бірлестік жыл сайын бизнес компаниямен және әкімдікпен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қояды. Мұның нәтижесінде олар  100-ден астам әлеуметтік маңызы бар іс-шараны қолға алып, нәтижелі аяқтауға қаржы алды. Мысалға айтар болсақ, «Болашақ» ҮЕҰ ұйымдастыруымен  2002 жылғы Іле ауданындағы 11 ауылдық округте аула клубтарының желісі құрылды.  Жобаның мақсаты 6 жастан 27 жасқа дейінгі балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасап, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, нашақорлық пен темекі шегудің алдын алу бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізу еді. Бұл бастама жүйелі жалғасын тауып ауылдардағы аула клубтарында үйірмелер мен секциялар ашылды. Оның аясында қосымша білім беру мекемелеріне әлеуметтік жағдайы қорғалмаған отбасынан шыққан  4200-ге жуық бала қатысты. Ал,  2010 жылы әр клубтың жанынан «іс жүргізу» және «тігін ісі» мамандықтары бойынша  кәсіптік оқыту» курсы ашылып, тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Жоба үйлестірушілері өз округтерінде қоғамдық кеңес құрамында болып, ауылдың барлық әлеуметтік, экономикалық, мәдени іс-шараларына белсенді қатысты, Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» бесінші бағытын жүзеге асыру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Осылайша бұл жоба 2017 жылдың соңына дейін жұмыс істеді.

Қоғамдық бірлестік мұнымен тоқтап қалған жоқ, одан кейінгі жылдары бизнес идеяларды дамыту орталығы жобаларын қолға алды. Оның  аясында, конкурс негізінде жеке ісін ашу идеясы бар аудандағы округтерден 25 адам шақырылды. Тренингтерде кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тарту арқылы ауыл тұрғындарының белсенділігін арттырды. Семинарға қатысушылар арасында көпбалалы аналар, жас белсенділер, зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар болды. Жобаны іске асырудың 4 жылы ішінде комиссия 17 бизнес идеяны іріктеп алып, оларды жоба шеңберінде қосымша қаржы бөлді.  Әсіресе әлеуметтік жобаға дайындаған кәсіпкерлікке басымдылық берілді.

2003 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «ҰОС ардагерлерін қолдау жобасы» Жеңіс күніне орай қаржылай көмек көрсетуге бағытталған. Ал 2007 жылдан бері «Әлем тілдері орталығында оқу» жобасы бойынша әр бес ай сайын жағдайы төмен отбасылардың балалары ағылшын тілін тегін үйренеді. Сонымен қатар, жыл сайын тілдік курстарда 106-110 адам оқытылды. Бірлестік құрылған сәттен бастап 6 жыл бойы Алматы қалалық Медеу ауданында шатырлы лагерь ұйымдастырды, онда жыл сайын аз қамтылған отбасылардан шыққан 150 бала денсаулығын тегін нығайтуға және өмірлік маңызды дағдыларды алуға мүмкіндік алды. 8 жыл бойы балаларды қорғау күні 2000-ға жуық балалар мен жасөспірімдер қатысқан «балалар планетасы» фестивалі өткізілді.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының «Жастар идеялар банкін құру – жастар үшін қосымша ресурстар алудың құралы» атты «Жастар бастамаларын қолдау» номинациясы бойынша грантын жеңіп алды. Ол белсенді ойлаушы жастар үшін сапалы жаңа орта құруға, оны аудан міндеттерін шешу бойынша жұмыс істеуге біріктіруге бағытталған.

Жеті жылдан бері «Сорос – Қазақстан Қоры» жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жобаларын да қолдады. Биылғы жылы да «Болашақ» қоғамдық бірлестігі аталған қордан  Алматы облысы Іле ауданындағы «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасының гранттық қаржыландыру жеңіп алған болатын. Қазіргі уақытта бұл жоба аясында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, ағымдағы жылы осы тақырыптағы  жиындар сәуір айында Өтеген батыр мен Байсеркеде,  17 мамырда Боралдайда, 19 мамырда Жетігенде және 20 мамырда Ащыбұлақ, 21 маусым Ақши, 23 маусым ҚазЦИК ауылдарында өткізілді. Қоғамдық бірлестік алдағы уақытта 10 елдімекенде осындай ақпараттық семинарларды өткізуді жоспарлап отыр.  Бұл жоба әрине Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған жақсы бастамалардың бірі. Өйткені, ауылдық округтердегі қоғамдық мүшелері өздерінің өкілеттіктері мен құқықтарынан мүлдем хабарсыз. Қоғамдық мүшесі болған ауылдың қарапайым тұрғындары ауылдық бюджетті бөлуге қатысып, әкімді өзгертіп, билік шешімін жоя алады. Сондықтан бұл бағыттағы семинарлардың жалпылама емес, әрбір ауылға барып өткізудің маңыздылығы зор.

          Бұдан басқа, «Болашақ» әлеуметтік-азаматтық базисі қоғамдық бірлестігі 20 жыл ішінде Іле ауданында 70 мыңнан астам тұрғынын қамтыған басқа да әлеуметтік  маңызды жобаларды  жүзеге асыру жолында үздіксіз жұмыс істеп келеді.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь