Алматы облысына қарасты қалалар мен аудандарда Мәдениет күндері атап өтілмек. Соның аясында Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Ауылым – алтын бесігім» атты байқау ұйымдастырылып, өңірдің мәдениеті ұлықталып, ұлттық өнер насихатталу жоспарланған. Бүгін бұл мәдени шара облыс бойынша Қарасай ауданында бастау алып, соның аясында «Қонысы Қарасайдың – құтты мекен» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйытқы болып отырған бұл мәдени бастаманың барысында облысқа қарасты аудан, қалалардың өзіне тән мәдениетін өркендету, қала мен ауыл арасындағы рухани-білімділік, мәдени байланысты нығайту қолға алынған. Мәдениет күндерінің шарықтау шегі әр аудан, қала көлемінде дарынды жеке тұлғалардың есімдерін, өнерін, жетістіктерін анықтау, танымал тұлғаларды дәріптеу болып табылады.
Қарасай жерінде өткен мәдени шараға Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев және байқаудың қазылар алқасы арнайы қонақ болып қатысты. Құрметті меймандар алдымен аудандағы кітапханашылардың көрмесіне қатысып, қолөнершілердің, суретшілердің еңбектерімен танысты. Сонымен қатар музей экспонаттарын тамашалап, ұлттық және спорттық ойындарды серік еткен жастардың өнеріне тәнті болды.
Іс-шараның әсерлі сәті Мәдениет үйінің залында жалғасты. Алдымен «Қарасай жастары» театры Нағашыбек Қапалбекұлының «Қарасай батыр» тарихи драмасын сахналап, концерттік бағдарламаның шымылдығын ашты. Одан кейін Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев қарасайлықтарды Мәдениет күнімен құттықтап, аудан тарихын, жетістігін дәріптеген өнерлі жандардың еңбегін жоғары бағалады.
Бағдарлама барысында бишілер әр ұлттың биін билесе, ауылдық округтің қарияларынан құралған ансамбль мен аудан өнерпаздары әуезді әндерін шырқады. Кештің соңы «Үшқоңыр» ансамблінің әнімен түйінделді.