Профессор, ғалым, 66 жыл ұстаз болған қария неге пансионатта тұрады?

Профессор, ғалым, 66 жыл ұстаз болған қария неге пансионатта тұрады?

«Қарт» деген сөзді естігенде біздің көз алдымызға алдымен әулетке құт-береке дарытып, баталы сөзін арнап, шаңырақтың шырайын келтіріп отыратын ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер елестейтіні анық. Алайда қазіргі қоғамда бауыр еті баласынан бөлек тұратын немесе туған ұрпағы болса да қараусыз қалған қариялар аз емес.

«Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген сөздің қазір қадірі қашты ма, әлде қоғам өзгерді ме? Оған орынды жауап табу қиын. Дегенмен қария атаулының бәрі кім-кімге болсын қашанда ардақты болып қала бермек. Оларға деген құрмет шексіз болуы тиіс. Осындай қазыналы жандардың көңілдерін ел болып аулап, әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қолдау көрсету үшін әлемде 1 қазан – Халықаралық қарттар күні болып бекітілді. Оны мереке ретінде жариялаған Бас Ассамблея. Айтулы күннің маңыздылығын ескере отырып, газетіміздің осы санында ерекше жан иесі, ақылшы ақсақал жайлы қалам тербеп, оның тағдырынан сыр шертуді жөн санадық. Біздің кейіпкеріміз – жай қарт емес, «профессор» деген атағы бар, педагог-ғалым, 66 жыл ұстаздық еткен Жолмұхан Түрікпенұлы.

Тағдырдың талай сынынан сүрінбеген Жолмұхан атаны бір көргендер тоқсанға аяқ басқан қария дегенге ешкім сене қоймас. Өйткені қарияның ақыл-есі орнында, сөзі анық, өзі тұрып, өзі жатады дегендей. Қолынан қаламын тастамай, көзілдіріксіз жазуларды қатесіз жазады. Ақылшы ақсақал осы уақытқа дейін 51 кітаптың авторы атанып отыр. Соңғы кітабы осы айда жарыққа шықты. Көңілге бір қаяу салатыны – Жолмұхан атаның қазір Қарасай ауданындағы «Нұр Отау» қарт адамдарға арналған пансионатты мекен етуі. Мұнда 40 қария бар болса, оның көбісі мүсәпір күйде осы орталықта өмір сүруде. Ал Жолмұхан атамыз осылардың ішіндегі ең ерекшесі деуге негіз бар. Бүгінде ақсақалдың жағдайын біліп келушілердің саны үзілмейді. Әрбірін ыстық ықыласпен қабылдап, емен-жарқын әңгімесін айтудан жалыққан емес. Тіпті, қария аталған пансионатта үш кітап жазып тастаған. Еңбектерін ұрпаққа азық ретінде қалдыруды мақсат тұтқан. Жалпы көптің санасында: «Атамыз осындай атақ-дәрежесімен неге мұндай жерде ғұмыр кешуде?» – деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине, өте орынды. Оның себебін жазбас бұрын алдымен қарттың ғұмырнамасынан сыр шерткен дұрыс шығар.

Жолмұхан Түрікпенұлы 1934 жылы 13 шілдеде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шыбыл (қазіргі Қайрат) ауылында дүниеге келген. 1948 жылы Ақши ауылындағы 7 жылдық орта мектепті үздік бітіріп, кейін оқуын Алматыдағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатында жалғастырған. Қазақтың атақты ақыны Тұманбай Молдағалиевпен тай-құлындай тебісіп бірге өскен.

1951-1957 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) физика-математика факультетінде білім алған. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, біраз жыл мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, Алматы кинотехникумының директоры сынды бірқатар қызметте істеді. 1962-1964 жылдары ҚазМУ-дің «психология» мамандығы бойынша аспирантурада оқып, педагогика ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болды. 10 жылдан астам Жоғары және орта білім беру министрлігінде ғылыми-педагогтік кадрлар даярлау бөлімін басқарды. 30 жыл уақыт аралықта Абай атындағы ҚазҰПУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де профессор лауазымында ұстаздық етті. Аталған оқу ордаларда «Үздік ұстаз», «Ғылым қайраткері», «Еңбектегі ерлігі» сынды атақтардың иегері болды.

Жолмұхан Түрікпенұлы – еңбек жолында мыңдаған шәкіртке ұстаз атанған жан. 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы атанды. Оның ішінде 20 монография мен оқу құралдары бар. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында бірнеше рет психология бойынша кәсіби біліктілігін жетілдірді. Оның осындай ұстаздық қызметі жоғары бағаға ие болып, «КСРО халыққа білім беру ісінің үздігі» деген атақ берілген. Көптеген маңызы жоғары медальдармен, Құрмет грамоталармен марапатталған. Сондай-ақ Жолмұхан атамыз Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы.

Ғұмырын ұстаздыққа арнаған Жолмұхан атаның осы жолда тыным таппай табандылық танытуы тектен-тек емес. Ұрпақ тәрбиелеу ісіне араласу оның қанында бар қасиет. Әулетіне тікелей қатысы бар десек те болады. Әкесі Түрікпен өткен ғасырдың 20-шы жылдарында туған ауылында мектеп ашып, ауыл балаларының сауатын ашқан. Тіпті, хат танымайтын үлкен кісілердің де алғашқы мұғалімі болған. Анасы Дариға Имашқызы болса мектепте қызмет атқарған. Әке-шешеден бес ағайынды болса, бәрі де Жолмұхан ата сияқты ұстаздық жолды таңдаған.

Жолмұхан Түрікпенұлының отбасылық өміріне тоқталар болсақ, оның тағдырдың талай сынағына сынбай, басына келген қиыншылықты көтере білген жігерлі мінезіне тәнті боласыз. Ол кісі университет қабырғасында жүріп ауылдағы ақсақалдардың ақылымен 2-курс оқып жүргенде қойшының қызы Нұрымханмен шаңырақ көтерген. Екеуі Ботагөз, Айдар, Қанат есімді балаларға ата-ана атанып, бақытты өмір сүрді. Алайда жас отбасының ғұмыры ұзаққа бармады. Жолмұхан Түрікпенұлы 27 жасында өмірлік жарынан айырылды. Қолында балалары мен аурушаң шешесі қалып, соларды бағып-қағу үшін тұрмыс тауқыметін кешті.
«Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» демекші, Жолмұхан атамыз біраз жүріп, екінші рет отбасын құрды. Роза есімді қызды жолықтырып, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешті. Дүниеге келген Жаннасы мен Сәулесі олардың көз қуаныштарына айналғанымен, жұбайы Роза екеуінің көңіл жарастығы біраз уақыттан кейін үзілді. 25 жыл ерлі-зайыпты атанғанымен, олар заңды түрде ажырасуды дұрыс көріпті.

Жолмұхан атаның өмірінде мұндай аласапыран кезеңді өзінен басқа жан баласының түсінуі қиын. 2015 жылы ұлы Айдар өмірден өтсе, қызы Ботагөз биыл бақилық болған.

Жалпы Жолмұхан ата ұл-қыздарының қызығын көріп, олардан 20-дан астам немере-шөбере сүйіп отыр. Қазіргі таңда Қанаты өз шаруасымен айналысып, тіршілік күйін кешуде. Қыздары Жанна мен Сәуле әкелері сияқты педагог атанып, Астана қаласында еңбек етуде.

Атақ пен дәрежесі бір басына жетіп артылатын, тәрбие берген ұл-қыздары бар ақсақалдың пансионатта өмір сүруі – Жолмұхан атаның өз шешімі. Қарияның басынан өткені – ешкім түсіне бермейтін трагедия. Мұны қазыналы қарт әңгіме барысында күрсініспен жеткізді. Ал Жолмұхан атаның осы орталыққа жол тауып келгенін «Нұр Отау» қарт адамдарға арналған пансионаттың басшысы Галина Бурматова ерекше еске алып, қызық жайттарымен бөлісті.

– Осыдан 10 жылдан аса уақыт бұрын мен Алматыдағы қарияларға арналған пансионатты басқарған едім. Содан бір күні атамыз келді. Үстінде қымбат костюмі бар. Сұңғақ бойлы, келбеті келіскен, сондай көз тартарлық болды. «Сіз бізге келдіңіз бе?», – деп басында таңқалып сұрадым қалжыңдап. Одан кейін біраз әңгімелестік. Атамыз менің телефон нөмірімді жазып алып кетті. Кейін мен ол қоғамдық орталықтан кеттім. Біраз уақыттан кейін пансионатты Қаскелеңде аштым. Атамыз 10 жылдан кейін мені қайта тауып алып, осында келгісі келетінін айтты. Басында оның баласы «барлаушы» адамдай біздің орталықты көріп кеткен. Оны кейін түсіндім. Сөйтіп, Жолмұхан қария былтыр келді. Баласы қарсы болғанымен, атамыз осында қалуды жөн санады. Бүгінде жағдайы жақсы. Өзі сияқты ғалым адамдардың келуі үзілмейді. Осы пансионатта 40 адам болса, ішінде ең ерекшесі – Жолмұхан ата, – дейді Галина Камалқызы қарттың жағдайын айтып.

Қазыналы қарияның бұл пансионатта алаңсыз ғұмыр кешіп жатқанына бір жылдан асыпты. Ақсақалмен ашық әңгімелесу кезінде көңіліне қаяу түсірмей, сұрақты астарлап жеткіздім.

– Жолмұхан ата, Құдайға шүкір, балаларыңыз бен немерелеріңіз бар. Ертеңгі күні: «Ата, жүріңіз. Бізбен тұрыңыз», – десе барар ма едіңіз?

– Кім білсін енді оны. Немерем де, қызым да алып кетем деп жиі айтады. Бірақ менің жағдайымды ел түсіне бермейді ғой. Бұл – менің жеке басымдағы трагедия. Әрине, балаларым ұялады. Мен Астанада қызымның қолында тұрып көрдім. Алайда бөтен жерде жан тыныштығын таба алмадым. Оның үстіне ағайын-туысым, таныстарым, ескі әріптестерім – барлығы осы жерде дегендей. Жағдайымды сұрап әлі де келіп тұрады. Ашығын айтқанда, балаларыма салмақ салғым келмейді. Күндіз жұмысын істеген адам, түнде демалу керек қой. Ал менің мазам түн ортасында қашады. Неше түрлі жағдайлар болады. Жедел жәрдем шақыруға тура келеді. Осындай сәтте оларға қиындық туғызғым келмейді. Сондықтан осы жерге өз еркіммен келуге бел байладым. Мына жерде қарным тоқ. Киімім бүтін. Айтар шағымым жоқ. Қарайтын күтуші бар. Осында жүріп үш кітабым жарыққа шықты. Жаным тыныш. Алда не боларын білмеймін, бәрін уақыт көрсетер, – деп өткен-кеткенді ақсақал еске алды.

Жолмұхан атаның айтуынша, демалыс күндері немерелері алып кетіп тұрады. Қыдыртып, естелікке фотоға түседі екен. Біз барғанымызда қыздарымен, немерелерімен түскен суреттерін телефонынан көрсетіп, мәз болды. Тәттілерін үйіп, өз баласындай әңгімесін емен-жарқын айтты.

Ұрпағының амандығын тілейтін ақсақалдың жай-күйін түсіну – өзіне ғана аян. Өзі айтқандай, бәрі уақыттың еншісінде. Келесі жылы атамыз мерейлі 90 жасқа келеді. Қолынан қаламын тастамайтын қарияның көрер қызығы таусылмасын дегіміз келеді. Оның ғылыми еңбектері келер ұрпаққа азық болары сөзсіз. Ғалым адамның алдағы ғұмыры ғибратты болғай.

Жолмұхан Түрікпенұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де әріптестерімен бірге

Біз барғанымызда соңғы шыққан кітабын таныстыруда

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях