Жетісу облысындағы жобалармен танысады

0
1495

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жақында үш халықаралық қаржы институтының атынан келген делегациямен кездесті, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Облыс басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк және Азия даму банкі өкілдерімен бірге экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, әлеуметтік, көліктік және әлеуметтік саланы жақсарту жобаларын талқылады.

Кездесуге Еуропалық одақ­тың Қазақстан Республи­ка­сындағы Елшісі Кестутис Ян­каускас та қатысты. Жиын барысында облыс басшысы Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына, агроөнеркәсіп кешенінің мүм­кіндіктеріне тоқталды.

«Біздің басты міндетіміздің бірі – өңірге инвестиция тарту. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге тарту. Қазір қантпен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Елімізде 4 қант зауыты болса, оның 2-еуі біздің облыста. Екеуі де жақсы жаңартылған. Көксу қант зауыты қант қызылшасын да, ши­кі қамысты да өңдейді. Ал Ақсу қант зауытында жөндеу жұмыс­тары жүріп жатыр. Алакөл ауданында орналасқан үшінші қант зауытын қалпына келтіруге қызығушылық танытсаңыздар, қуанар едік. Жер жәннаты Жетісу өлкесі тұмса табиғатымен, саф ауасымен ерекше. Сондықтан мұнда төрт маусымда туризмді дамытуға жақсы мүмкіндіктер бар», – деді Б.Исабаев.

Бұл кездесу барысында Азия даму банкінің Қазақстандағы директоры Нариман Манапбеков өзі өкілдік ететін қаржы институты әлеуметтік инфрақұрылымды, атап айтқанда, мектеп, аурухана, су электр стансаларын және басқа да жаңартылатын энергия нысандарын салу жобаларын қолдауға мүдделі екенін түсіндіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын одан әрі дамыту мақсатында инвестиция тарту мүмкіндіктеріне де тоқталды.

Ал Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Хусейн Озхан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы жобаларды несиелендіру бағдарламасына, атап айтқанда, банктерді жаң­ғыртуға ерекше назар аударды. Ол су шаруашылығы нысандары, көшелерді жарықтандыру жүйелері, жылу және сумен жабдықтау, қатты тұрмыстық қал­дықтарды өңдеу, цифрландыру саласында, оның ішінде цифрлық бауырлас қалаларды құруға ниетті екенін білдірді. Қар­жы институтының өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерін қай­та өңдеу мен жаңартылатын энер­гия көздерін дамыту бойын­ша жеке жобаларды, сондай-ақ көлік-логистикалық инфра­құ­рылымды, әсіресе темір жолды қолдауға мүдделі екенін жеткізді.

Дүниежүзілік банктің Қазақ­стандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Мартон «жасыл» өн­дірісті, цифрлық, көліктік байланыстарды дамыту мүмкіндігі жайлы сөз қозғады.

Жиынды облыс әкімі Бейбіт Исабаев қорытындылап, жобаға қатысты айтылған ойлар, ұсыныстар тиімді болатынана сенім білдірді.

«Біздің үлкен жоспарымыз бар. Сондықтан арнайы жобалар да­йындап қойдық. Олармен таныс­қаннан кейін сіздердің ұсыныс­тарыңызды ескере отырып, барлық мәселені егжей-тег­жей талқылай аламыз. Бұл тиім­ді болады деп ойлаймын», – деді Жетісу өңірінің басшысы.

Айта кетейік, іске асыруға дайын жобалардың қатарында ет-сүт секторы, жеміс-жи­дек сақтау қоймалары мен жеміс-жидек консерві зауыт­тары­ның құрылысы және жал­пы ауыл­ша­руашылық өнім­дерін қайта өңдеу, Алакөл жаға­лауында сана­ториялық-сауық­тыру меке­мелерін дамыту, Те­келі қала­сындағы туризм мәсе­лесі бар.

Кездесу соңында барлық тарап жұмысты одан әрі жандандыру үшін ұсынылған жобаларды зерделеп, жақын арада мазмұнды талқылауға ораламыз деп келісті. Облыстық кәсіпкерлік және ин­дус­триал­ды-инновациялық да­му бас­қармасының басшы­сы Диас Сері­ковтің айтуын­ша, бүгінде Же­тісудағы инвес­тициялық жо­ба­лар пулы 278 жобадан тұрады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь