Мешіттер 18 мамырдан бастап ашылғанымен, жамағатпен намаздар оқылмайды

Мешіттер 18 мамырдан бастап ашылғанымен, жамағатпен намаздар оқылмайды

Алдағы дүйсенбі, яғни, 18 мамырдан бастап елімізде барлық мешіттер ашылады, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы muftyat.kz сайтына сілтеме жасап.

Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаевамен кездесіп, еліміз бойынша мешіттерді ашу, қасиетті Қадір түні мен Айт кезінде намаз оқу және басқа да бірқатар мәселелерді талқылаған болатын.

Карантиндік шараларды негізге ала отырып, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кейін ресми сайтта мұсылман қауымына өзінің Үндеуін жариялап, мешіттердің ашылуына байланысты және қандай арнайы санитарлық талаптар сақталу керектігін айтты.

– 2020 жылдың 18 мамырынан бастап еліміздегі барлық мешіттеріміз арнайы санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады. Осы уақыттан бастап мұсылман қауымының жеке құлшылық жасауына, Құран оқытып, неке қидыруына болады. Ал, жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлайтын боламыз. Жеке құлшылық кезінде, Құран оқыту, неке қидыру рәсімі барысында карантин талаптарын қатаң ескерулеріңізді сұраймыз. Өзімізге қамқорлық – өзгелерге қамқорлық екенін естен шығармайық, – деп мәлімдеді ҚМДБ төрағасы.

Мешіттерде жеке намаз оқуға қойылатын талаптар: 

  • Тек жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етіледі. Мешіттерде жамағатпен (бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы) намаздар оқылмайды;
  • Мешітке жеке құлшылыққа келген ерлер мен әйелдер ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс. Мешітте болу уақыт ұзақтығы – 15 минут;
  • Намаз оқушылардың арақашықтығы 1,5 метр болуы керек және арнайы белгіленген орындарда намаз оқып, намаз оқып болған соң мешіттен бірден шығып кетуі тиіс;
  • Мешітке келетін адам санын діни ғимараттың жалпы пайдалы ауданының 30 пайызынан артық толтырмауы керек;
  • Мешітте қол алыспау керек;
  • Мешіттерде ауа алмасу жүйесі жақсы жүру үшін барлық есіктерді ашып қою қажет;
  • Әр 3 сағат сайын намаз оқитын залдарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет;
  • Намаз оқитын залдарда имамдар және намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетперде және медициналық қолғаппен жүруі керек;
  • Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар намаздарын үйлерінде оқығаны абзал;
  • Мешіт дәретханаларын қолдану барысында арақашықтықты және сантитарлық талаптарды сақтауы тиіс;
  • Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;
  • Мешітке кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.

Мешітте Құран оқытуға қатысты талаптар: 

  • Құран оқыту бөлмесіне 10 адамнан артық кіргізбеу;
  • Құран оқытуға келушілердің араларында 1,5 метр қашықтықтың сақталуы және келушілердің арнайы белгіленген орындарға отыруы;
  • Құран оқитын бөлмелерде имамдар және келушілердің міндетті түрде бетпердемен отыруы;
  • Гигиеналық талаптарға сәйкес бата жасау (бет сипау және т.б.);
  • Әр 3 сағат сайын Құран оқитын бөлмені желдетіп отыруы;
  • Құран оқитын бөлмеге кірмес бұрын антисептикалық құралдарды пайдалануы;
  • Құран оқитын бөлмеге кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.

Неке бөлмелеріндегі іс-шараларға қатысты талаптар: 

  • Неке қиюға шариғат талаптарына сәйкес, неке бөлмесінде куәгерлерден басқа адамдар болмауы тиіс;
  • Неке қиюшылардың аралары 1,5 метр қашықтықты сақтау және арнайы белгіленген орындарға отыру;
  • Неке залдарында имамдардың және келушілердің бетперде және медициналық қолғаппен болу керек;
  • Неке қиып болған соң бірден мешіттен шығуы керек;
  • Неке қию бөлмесіне кіруден алдын антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;
  • Әр 3 сағат сайын неке залдарын залалсыздандыру қажет.
Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях