Жақсылық Үшкемпіровтің ғибратты ғұмырына арналған  «Біртуар» кітабы жарық көрді

Жақсылық Үшкемпіровтің ғибратты ғұмырына арналған  «Біртуар» кітабы жарық көрді

Мəскеу Олимпиадасының жүлдегері, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолы туралы жазылған «Біртуар-Уникальный» кітабы оқырманға жол тартты. Кітап Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрді, деп хабарлайды  karasayinfo.kz  желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кітап авторы жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» əдеби сыйлығының иегері Сəуле Досжанова бұл романда даңқты спортшының балалық шағынан аты аңызға айналған даңқты кезеңіне дейінгі ғибратты ғұмырын арқау еткен. Бұл — бірегей тұлғаның биылғы 70 жылдығына арналған айтулы шараның бірі.

Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен кітаптың тұсаукесеріне облыс əкімі Амандық Баталов, қоғам және мемлекет қайраткері, генерал-полковник Сəт Тоқпақбаев, кітап авторы, жазушы Сəуле Досжанова, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Жақсылық Үшкемпіровтің жары Күлпан Мұқашқызы мен ұлдары Елдос пен Жеңіс, бірқатар танымал жаттықтырушылар мен белгілі спортшылар жəне өңірдегі зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алдымен қонақтар Сәуле Досжанның кітаптарынан фойеге қойылған көрмемен танысты. Мұнан соң дөңгелек үстел басында салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Жақсылық Үшкемпіровтің  ел спортын дамытуға, туған жерін түлетуге, ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі туралы қысқаша айтып өтті. Ол өз сөзінде әйгілі спортшының есімін облыстық балалар мен жасөспірімдер мектеп-интернат колледжіне беру жұмыстары жүріп жатқанын да атап өтті.

Мұнан соң сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник Сəт Тоқпақбаев биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы екенін, соның аясында дарабоз спортшының ғибратты ғұмырын кітап етіп шығарудың маңызы зор екенін атап өтті. Сол сияқты Жақсылық Үшкемпіровтың жары Күлпән Мұқашқызы жазушы Сәуле Досжановаға, шығармаға қолдау танытқан облыс басшылығына ризашылығын жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып биылғы Балалар әдебиетін қолдау жылында осындай тағылымды кітап жазған қаламгердің, кітаптың жарық көріне жәрдемдескен облыстың ісі өзгелерге үлгі боларлық екенін айтты. Сол сияқты Ж.Үшкемпіровтің досы Нұрмахан Қаратаев спортшының адамгершілік, ізгілік қасиеттеріне тоқталды.

 

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях