Жаңа пошта бөлімшелері ашылды

0
2276

Бүгін ауданымыздың екібірдей округінде жаңа байланыс бөлімшелері өз есігін ауыл тұрғындарына айқара ашты. Атап айтқанда, Райымбек ауылындағы және Шамалған бекетіндегі жергілікті халықтың қуанышына «Қазпочта» АҚ облыстық филиалының директоры Мұхит Карибаев арнайы келіп, көпшілікке жақсы тілегін жеткізді.

Өз сөзінде ол барлық жағдай қарастырылған бұл бөлімшелерде тиісті төлем, аударым түрлері түгелдей көрсетілетінін, қызмет сапасы да арта түсетінін жеткізіп, барлық жұмыс ел игілігі үшін жасалып жатқандығын алға тартты. Сонымен қатар, аудандық пошта торабының басшысы Ұлықбек Қапалбеков пен «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Амалбек те ортаға шығып, барлық игіліктің бастауы Президентіміздің ел дамуы үшін алға қойған мақсат-мұраттары екенін әңгімеледі.

Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, есік алдына керілген лентаны құрметті қонақтар мен үлкендер жағы бірлесе қиған соң, әжелер ырымдап тәттіден шашу шашты. Сосын барлық жиналғандар жаңа ғимарат ішіне кіріп, аралап көрді. Мұнда шынымен де келушілер үшін де, қызметкерлер үшін де барлық қолайлылықтар қарастырылған екен. Операциялық залдары кең, пошташылардың жеке бөлмесі де бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандустар да ескерусіз қалмаған.

Өз кезектерінде риза болған екі елді мекеннің де тұрғындары облыс басшылығымен қатар, Райымбек және Жаңашамалған округінің әкімдері Айдын Әуесбай мен Ғалия Амановаға да ерекше ілтипат білдіріп жатты. Олардың халық тілегіне бей-жай қарамай, осы пошта бөлімшелерін тұрғызуға айтарлықтай атсалысып, қолдарынан келгенше істің басы-қасында жүріп, қолданысқа берілуіне себепкер болғандарын тілге тиек етіп, ризашылықтарын білдірді.

Осылайша, биылғы Дүниежүзілік пошта қызметкерлерінің күні аталған ауыл тұрғындары үшін жағымды жаңалығымен есте қалатын болды.  

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь