Тоғыз айда атқарылған жұмыс аз емес

Тоғыз айда атқарылған жұмыс аз емес

Әлеуметтік сала – әлеуетті сала. Сондықтан, оған қатысты жұмыстарда ешқандай салғырттыққа жол берілмеуі тиіс. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ауданымызға арнайы ат басын бұрып, аталған салада атқарылып жатқан жұмыстарды байқау үшін бірқатар нысандарды аралап көріп, аудан әкімдігінде өткен актив жиынына қатысты.

Алдымен Жақсылық Омарұлы аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаеваның бастауымен Іргелі ауылдық округіне қарасты «Асыл Арман» ықшам ауданына барып, келесі жылы қолданысқа берілетін дәрігерлік амбулаторияның ғимаратын көрді. Оның жай-жапсары туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Баудуалиев пен аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ербол Сәрсенбаев жан-жақты баяндап, мәлімет берді. Сонымен қатар, өңірден келген өкіл амбулатория жанындағы «Сенім» жеке клиникасының да жұмысымен танысып, бірқатар сауалдарына жауап алды. Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасарын Қаскелең қаласындағы С.Демирел университетінің ректоры Қанат Қожахмет білім ордасының алдында қарсы алып, оқыту орнының тыныс-тіршілігімен жақын таныстырды. 3200-ден астам студент 21 мамандық бойынша 4 факультетте дәріс алатынын, негізінен ІТ- мамандар даярланатынын тілге тиек еткен ректор Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген тапсырмаларға осы ІТ -технологияларды ойластыру арқылы өз үлесін қосқысы келетіндіктерін жеткізді. Университет ішін аралап, оның қабырғасындағы жетістіктер мен алдағы мақсат-мұраттарына көңілі толған  Жақсылық Мұқашұлы студенттермен де тілдесіп, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталған бастамаларға мүмкіндігінше қолдау көрсететінін жеткізді. Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары Қаскелең Мәдениет колледжінде де болып, өнер ордасында өтіп жатқан сабақтарға қатысты. Бұл жерде негізінен заман талабына сай, жастарды сұраныс көп мамандықтарға баулитын бөлімдер ашу керектігі айтылды.

Жақсылық Мұқашұлының Қарасай жеріндегі жұмыс сапары аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен актив жиынында түйінделді. Онда аудан әкімі Махаббат Бигелдиев бас қосу тізгінін өз қолына алып, алдымен «Қарасай ауданының әлеуметтік саласының 2017 жылдың 9 айындағы көрсеткіштері туралы» баяндама жасады. Елбасының жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек еткен аудан басшысы бірқатар көрсеткіштерге де тоқталды.

Атап айтқанда, көрсетілген мерзім ішінде ауданымыздағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 145,0  млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10,0 млрд теңгеге артық орындалғаны,

7 жаңа нысан іске қосылып, қосымша 225 жаңа жұмыс орны ашылғаны, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 36,0 млрд. теңгені құрап, бір мың басқа арналған мал бордақылау алаңы және 2 га жерге жылыжай салынғаны, 15 кооператив құрылғаны айтылды. Сонымен қатар,  бөлшек тауар айналым 62,0 млрд.  теңгеге жетті. Алматы облысының өнеркәсіп өндірісі көлемінің 24,0 % үлесін аудан орындағаны мәлімделді. Бұдан бөлек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында белгіленген «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы сомасы 10 млрд. 607 млн-нан астам теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылғаны, жыл соңына дейін тағы алты жобаны жүзеге асыру жоспарланғаны, өзге де салалардағы маңызды көрсеткіштер арқау болған баяндамадан соң сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Ж.Омарға берілді.

Жалпы өңір бойынша әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарды тілге тиек еткен Жақсылық Мұқашұлы осы жетістіктерде Қарасай ауданының да берер үлесі мол екендігін алға тартты. Алайда, қоғам болғандықтан, жасағанымызға қарағанда әлі де қолға алар іс көп екендігін әңгімелеп, кейбір толықтыруды қажет ететін кемшін тұстарға да тоқталды. Яғни, кәсіптік білім беру үрдісіне негізінен келешекте өңір дамуына өз үлесін қосатын жастарды тарту, жасөспірімдердің тәрбиесіне, тәртібіне көбірек көңіл бөлу, деструктивті діни ағымдарға бет бұрған адамдармен жұмыс жүргізу, білім сапасын арттыру, мектептер мен университеттер арасындағы байланысты нығайту, үштілділікке мән беру, колледждерде ескі стандарттардан арылып жаңа мамандықтар ашу, әлеуметтік еңбекпен қамтуды жандандыру, сияқты тағы да басқа мәселелер кеңінен сөз болып, нақты тапсырмалар назарға алынды.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях