Табыс кілті – іскерлікте

Табыс кілті – іскерлікте

Кеше аудандық әкімдікте «Қазақстан Фермерлер Одағы» Қарасай ауданы филиалының төрағасы Ж.Исағұловтың екі жылдық атқарған жұмысының есебі тыңдалған, ауыл шаруашылығы реформаларымен таныстыру жиыны өтті. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Тәжиев төрағалық еткен бас қосуға одақтың Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы А.Керімбеков және «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қ.Бекейев, бірқатар шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

Жиынды ашқан Жанат Жолдаспекұлы Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында белгіленген үшінші міндет ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталғанын айтты. Өткен жылы ауданымыздың асыраушы саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгенін әңгіме арқауына айналдырып, биылғы көрсеткіштің одан да жоғары болуына жиналғандар түгелдей атсалысып, өзіндік үлестерін қосатындығына сенім білдірді.

Күн тәртібіне сай, алдымен «Қазақстан Фермерлер Одағы» Қарасай ауданы филиалының төрағасы Ж.Исағұловтың екі жылдық атқарған жұмысының есебі тыңдалды. Аудандық филиалға 15 мүше тіркелгенін, есепті кезеңде олармен тәжірибе алмасу мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылып, әсіресе, бұл іске жастар жағы көп тартылғанын айтқан Жанат Молдағұлұлы жерді міндетті сақтандыру мәселесі бойынша қолға алынған істерге тоқталып, шаруа қожалықтарын алда да бірігіп еңбек етуге шақырды.

Мұнан кейін «Қазақстан фермерлер одағының» Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейілхан Нұрашев та өңір бойынша жүзеге асқан жоспарлы жұмыстар жайын баяндап берді.

Жалпы жиын барысында қатысып отырған шаруалар тарапынан гектарына берілетін субсидияға, жанар-жағармайдың бағасына, ауылшаруашылығы техникасын жаңартуға ықпал жасауға, несие алудағы қағазбастылыққа қатысты бірқатар сұрақтар қойылды.

Өз кезегінде оларға жауап берген одақтың Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы Ақшабай Керімбеков осылай жер-жердегі шаруалармен кездесу арқылы көп еңбеккерлерді толғандыратын мәселелерді шешуге мүмкіндік туатынын айтып, олардың көкейлерінде жүрген сауалдарын тыңдап, назарға алып, кейбірінің шешілуіне ықпал жасайтындығын жеткізді. Сонымен қатар, екі мыңнан астам шаруа қожалығы бар ауданда фермерлер одағына мүше болғандардың саны өте аздығын баса айтып, Ж.Исағұловқа бұл жағдай төңірегінде жақсы жұмыс істеуді тапсырды.

Аудандық фермерлер одағының мүшелері мен төрағасы қайта сайланған жиын соңы агрооқуға ұласты. Онда мамандар өз тақырыптары бойынша баяндамаларын оқыды. Ал, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы А.Айтымова биылдан бастап субсидия саласында өзгерістер орын алғанын мәлімдеп, шаруаларға үйде отырып та ғаламтор арқылы аталған мемлекеттік көмекке өтінім толтыруға болатынын жеткізді. Яғни, ол үшін ХҚКО-нан цифрлық қолтаңба алып, жерді minagro.kz сайтына тіркеу керек. Сол сайттан қажетті барлық ақпараттармен де танысуға болады.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях