Сания Тәуелсіздіктің құрдасы екенін әрдайым мақтан тұтады

Сания Тәуелсіздіктің құрдасы екенін әрдайым мақтан тұтады

1991 жылы жеке мемлекет болып, еңселі елдігімізді алғаннан кейін елімізде көптеген жақсы өзгерістер орын алды. Тіпті, еліміз егемендік алған тұста дүниеге келген балалар қазіргі күні отызды еңсерген азаматтар болып, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосуда. Сондай жастардың қатарында Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасында еңбек етіп жүрген дәрігер-маммолог Сания Нұраханқызы да бар. Осы ретте еліміздің мерейтойы аясында және де бүгін аталып жатқан медицина қызметкерінің мерекесіне орай Санияның өмірі, қызметіндегі қызығы мен қиындығы жайлы сіздерге жақынырақ таныстырып өтуді жөн көрдік, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

Тоғыз жыл бойы медицина саласында білім нәрімен сусындаған тәуелсіздіктің құрдасы Сания Нұраханқызы бүгінде ауданаралық көпсалалы ауруханада дәрігер-маммолог қызметін атқарады. Жарқын жүзінен қарапайымдылық нышаны анық аңғарылып тұратын жас маман 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Машат ауылында дүниеге келген. Үйдің кенжесі Сания көптеген жылдар бойы ұстаздық жолында адал еңбек етіп келе жатқан аналарын үлгі тұтып, ұстаздықты қалаған ағасы мен әпкесінен басқа жол тандап, бала кезінен дәрігер болуды ғана армандаған екен.

Өз арманына жету үшін ол туған ауылында анасы сабақ беретін орта мектепті тәмамдап, еліміздің көптеген мықты дәрігерлерін оқытқан С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне түседі. Аталған оқу орнында 2008-2013 жылдары «жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалаврды аяқтайды. 2013 жыл Сания үшін тек оқуының алғашқы сатысының аяқталуымен ғана емес, сондай-ақ, басқа да маңызды оқиғамен есте қалған. Бұл жылы ол болашақ жары Мұхтармен танысады. Бір жылдан кейін оған тұрмысқа шығып, өзінің отауларын құрған олар бүгінде Қарасай ауданында тұрып жатыр. 2013 жылы Сания өзінің біліктілігін әрі қарай жетілдіру үшін аталмыш жоғарғы оқу орнының интернатурасына түсіп, 2015 жылы «терапевт» мамандығын меңгерді. 2015 жыл да Сания үшін ерекше қуанышты сәтпен есте қалған. Себебі, ол осы жылы өзінің тұңғыш баласын дүниеге әкелді. Осыған байланысты бір жылға демалыс алған ол үйінде бос отырғысы келмей, ауданымыздағы ауруханаға учаскелік терапевт ретінде жұмысқа кіреді. Мұнда біраз уақыт еңбек етіп, 2016 жылы Қазақ онкология және радиология институтының резидентурасына түсіп, оны 2019 жылы тәмамдап, онколог маманы болып шығады.

«Жас келсе – іске» дегендей, жас маман кейін ауданаралық көпсалалы ауруханаға дәрігер-онколог ретінде жұмысқа кіреді. Кейіннен өзінің саласындағы бағытын біраз өзгертіп, 2020 жылдан дәрігер-маммолог болып еңбек ете бастайды. Бүгінде ол соңғы жылдары әйелдер арасында көбейіп келе жатқан қатерлі ісікті емдеумен және де оның алдын алумен айналысады.

– Бұл салады істегеніме көп болмаса да біраз нәрсені көріп үлгердім. Адамдардың осы аурумен күресіп, оны женгендердің қуанышты күлкілерін, ауруға төтеп бере алмай кеткен адамдардың артында қалған жақындарының көз жастарын көрдім… Әрқайсымыз ең бірінші кезекте адам баласы болғандықтан, бұның бәрі менің тек есімде ғана емес, сондай-ақ, жүрегімде де өз ізін қалдырды… Сондықтан да дәрігер маман, адам ретінде басқаларға айтарым, өз денсаулықтарыңызға баса ден қойып, біраз уақыттарыңызды дәрігерге қаралуға жұмсағандарыңыз жөн. Себебі, жақсы денсаулық адам өміріндегі ең маңызды қажеттіліктердің бірі, – дейді дәрігер.

Өзінің жұмысына жауапты, жылы жүзімен, сабырлы да салмақты мінезімен әріптестерінің ортасында сыйлы Сания тек жақсы маман ғана емес, сондай-ақ, бүгінде бір әулеттің берекесін айрандай ұйытып отырған ибалы келін, адал жар, аяулы ана. Жұбайы Мұхтар екеуі үріп ауызға салғандай екі бала тәрбиелеп, өте жауапты жұмысына қарамастан отбасы мүшелерінің бабын жасап, алға қадам басып келеді. Азат елдің құрдасы болудың өзін зор құрмет, үлкен абырой деп санайтын жас дәрігердің болашақта өз саласы бойынша білікті маман болудан басқа да алдына қойған мақсаттары, білгісі, үйренгісі әрі көргісі келетін нәрселері жетерлік.

Олай болса келешектің кемел күндеріне қол созып, баянды болашаққа жол бастаған Қазақ елінің Тәуелсіздігін тұғырлы ету жолында жүрген өзге жастар сынды Санияға да тек сәттілік тілейміз!

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях