Ұлы даланың баһадүр ұлы ұлықталды

Ұлы даланың баһадүр ұлы ұлықталды

Құлдық өмірден құтылып, мемлекет билеушісіне дейін көтерілген Сұлтан Бейбарыстың туғанына биыл 800 жыл толып отыр. Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған батыр бабаның мерейтойы елімізде лайықты деңгейде атап өтілуде. Даңқты қолбасшыны ұлықтау шарасы бүгін Қарасай жерінде де ұйымдастырылып, «Ұлы даланың баһадүр ұлы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға тарих және этнология институтының мүшелері, шет елдің өкілдері, этносаралық орталықтың басшылары, аудан ұстаздары қатысты. Айта кету керек, бұл конференцияның өтуіне «Ұлы даланың, ұлы есімдері» арнайы жобасының аясында Алматы облыстық Қоғамдық келісім және даму орталығы» ұйытқы болды.

Тақырыпқа арқау болған Сұлтан Бейбарыс әлемдік тұлға болғандықтан, ғылыми шара қазақ, орыс, араб тілдерінде жүргізілді. Жиынның алғы сөзін модератор ретінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Шамек Тілеубаев өзі алып, конференцияның маңыздылығына тоқталды. Одан кейін Алматы облыстық ішкі саясат басқарма басшысының міндетін атқарушы Әсел Джалғаспаева даңқты қолбасшының қазақ тарихында алатын орны айрықша екенін атап айтып, оның өмір жолы кім-кімге де болсын үлгі екенін түсіндірді. Сондай-ақ шара аясында баһадұр бабаның еңбегін насихаттап, дүниежүзілік деңгейде ұлықтап жүрген шетелдік ғалымдар өздерінің ойларын ортаға салды.

Сұлтан Бейбарыс өз заманында әлеуметтік мәселелерді реттеуге зор үлес қосқан. Бұл жайында конференцияда Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, доктор, профессор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад ал-Жинди кеңінен тоқталды. Ғалымның дерегіне сүйенсек, Сұлтан Бейбарыс қазақ халқы үшін қанша маңызды болса Мысыр елі үшін үшін де аса маңызды тұлға. Ол дәуірінде сот орындарын ашып, әділдікті қалыптастыруға ықпал ектен.

Ал Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех «Сұлтан Бейбарыс және халықтық мұра» атты баяндама оқып, батыр бабаның екі елге ортақ тұлға екенін айтып, көпшілікке ұсыныс ретінде орамды ой тастады. Оның айтуынша, Қазақстан мектептерінің оқу бағдарламасына Сұлтан Бейбарыс жайлы ақпаратты көбірек қамтыса жақсы болар еді. Бұл бастама жүйелі түрде жолға қойылса оның есімі өшпей, еңбектері кеңінен дәріптелмек.

Конференция барысында Дамаск қаласындағы Сұлтан Бейбарыстың кесенесін қайта қалпына келтіру мәселесі де көтерілді. Оны әңгіме арқау еткен құрметті қонақ – Дамаск университетінің профессоры Муаффақ Дуғмаан. Оның ресми дерегіне сүйенсек, Дамаскте Сұлтан Бейбарыстың өзі тұрғызған ккітапханасы бар. Бұл рухани орталықта жиналған құнды кітаптардың саны бүгінде 8 мыңнан асады. Сондай-ақ, шетелдік ғалым батыр тұлғаның кесенесіне кеңінен тоқталып, оның жаңғырту жұмыстарын сөз етті.

Шетелдік ғалымдар міне, жоғарыда атап өткендей даңқты тұлғаға қатысты пайымды ақпараттарымен бөлісті. Әрбірі жеке көзқарастары бойынша Сұлтан Бейбарысты танытып, еңбектері мен өміржолынан сыр шертті.

Өзге елдердің орамды ойларынан кейін конференцияда Берекет Кәрібаев, Шамшәдин Керім, Меңдігұл Ноғайбаева, Төрәлі Қыдыр, Ықтияр Палтөре, Алмас Тоқсанбаев сынды ғалым азаматтар баяндама оқып, Сұлтан Бейбарыстың тарихынан тоқталып, тың деректерімен бөлісті.

Жалпы шара аясында баһадүр бабаның өткені түгенделіп, ұлықты істері насихатталды. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық қалыптасып, ғалымдардың тәжірибе алмасуы жоғары деңгейде болды.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях