Қазақтың қазынасы – жылқы, өнімі – дертке дауа

Қазақтың қазынасы – жылқы, өнімі – дертке дауа

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

Қазақ халқы ерте заманнан-ақ төрт түліктің ішінде жылқы малын ерекше көріп, қастерлеген. Мінсең көлік, жесең тамақ, ішсең сусын болатын жылқы малының жан баласына пайдалы жақтары жетерлік. Әсіресе, оның өнімі – саумал мен қымызы дертке дауа, бойға қуат дарытатын емдік қасиеті бар. Ұлттық сусынымыз бүгінгі таңда да өз құндылығын жоғалтқан емес, әлем бойынша сұранысқа ие қазақи өнімдердің бірі. Осындай шипалығы мен қасиетін жоғалтпаған жылқы сүтін дәріптеп, елге пайдам тисін деген атымтай азаматтарымыз да аз емес. Солардың бірі – ата кәсіпті жалғаушы, ауданымыздың тұрғыны Айдархан Берікбаев. Бала кезден «жылқы – жаным, қымыз-қымыраным» деп ат құлағында ойнап өскен Айдархан Құлынтайұлы бүгінгі таңда жылқы шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкерлердің қатарында. Төрт түліктің төресін қалай баптауды, өсіруді, оның сүт өнімдерін қалай молынан өндіруді әке даналығынан үйренген кәсіпкер бұл шаруашылықты кеңінен насихаттауда.

Ауданымызға қарасты Кемертоған ауылының азаматы қазірдің өзінде жеке шаруашылығында 30 бас жылқыны қолға үйретіп, оның қымыз, саумал сияқты өнімдерін ел игілігіне жұмсап, пайдасын тигізіп отыр. Соңғы төрт жыл ішінде осы ата кәсіпті қолға алғалы жылқы сүтін ішіп,  дертінен құлан таза айыққандар да жетерлік екен. Әсіресе, іш құрылысты өз уақытымен  толықтай қалыпқа келтіретін жылқының саумалы талай жанның ауруына шипа болған. Тіпті, өмірінің соңғы күндерін санап жүрген адамдар осы емдік қасиеті бар сүтті ішу арқылы толықтай емделіп кеткен көрінеді. Бұл – біз айтып отырған саумалдың бірден бір қасиеті. Ал, тағы бір емдігі бар жылқының қымызы – қан тамырлардың жұмысын жақсартумен ерекшеленеді. Жылқы сүтінің осындай артықшылықтарын айтып жүрген кәсіпкер жылқының ет өнімдерін де халыққа ұсынып жүр. Яғни, «соғымға» деп арнайы бөлек жемдейтіні бар.

Айдархан Берікбаевтың жылқыға жаны жақын болғаны соншалық, көптеген жылқы шаруашылығына қатысты іс-шараларда жеткен жетістіктері жетерлік. Солардың бірі – ел ішіндегі мал шаруашылық фестивальдерінде І орын алғаны болса, екінші атап көрсететін – Қазақстандағы Франция елшілігінің ұйымдастырған шаруашылық жәрмеңкесінде алған Алғыс хаты. Бұлардың барлығы ерен еңбектің, асыл жануарға деген қызығушылықтың арқасында жеткен мақтан тұтарлық іс деп ойлаймыз.

Жылқы малының айрықша қасиетін түсіне білетін кәсіпкердің айтуынша, бұл шаруашылықты қыруар қаржыға кенелу үшін ашпаған. Тек қазақтың қанына біткен кәсіпті жаңғыртып, әке жолын жалғауды мақсат еткен. Қолдағы 30 бас жылқы оңайшылықпен бапталмағынын айтып, Айдархан Құлынтайұлы шаруашылыққа келген уақытын былай еске алады: «Әуелде қолымда бірде-бір жылқы болмаса да, оның қора-қопсығын салуды жөн көрдім. Жылқы да тіршілік иесі ғой, жай-күйі болмаса төлдеуі, өрісінің кең болуы, емін-еркін сезінуі қиынға түсетіні анық. Сондықтан, қасиетті малға ыңғайлы болу үшін жай-жапсарын тұрғыздым. Содан, қолда бар қаражат таусылған соң, мемлекеттің «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын естіп, 6%-ды қайтарыммен несие алдым. Оған жеті бас жылқы алған едім, бірақ, бесеуін ұрылырға  қолды қылдым. Бастаған ісімді аяқсыз қалдырмайын деп, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасымен алған қаржымды жауып, тағы да сол бағдарлама арқылы қайтадан несие алдым. Бүгінгі таңда жылқы басы көбейіп, көрген несібемнің арқасында 30 басқа жетті».

Айдархан Құлынтайұлының «Берікбаев жеке кәсіпкерлік» деп аталатын  шаруа қожалығы қазіргі уақытта толықтай бір отбасыны жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Жылқы малының жанын түсінетін қызметшілері де ризашылықтарын білдіріп, тұрақты жалақы алып отырғандарын айтады. Шаруа қожалық қыс мезгілінде күніне 10-15 литр, жаз кезінде 100 литрге дейін сүт өнімдерін өндіріп, тұрғындарды емдік сусынмен қамтамасыз етеді.

Кәсіпкердің алдағы мақсаты – мемлекеттің тиімді бағдарламасын пайдалану арқылы жылқы шаруашылығын дамытып, төлдерін көбейту. Айдархан Берікбаевтың тағы бір ойлағаны – емдік қасиеті бар қымыз, саумалын дертке шипа болсын деген ниетпен сауықтыру орталығын ашу. Ол шипа орталықты медицина саласындағы қажетті дәрігерлік қызметпен де байланыстыруды көздеп отыр.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях