Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев түркістандық көпбалалы ана Жазира Тұрғынованы қабылдады деп хабарлады Karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесуде Түркістан облысының әкімі батыр анаға Төлеби ауданы Ленгір қаласынан 4 бөлмелі баспананың кілтін табыс етіп, айтулы қуанышымен құттықтай жүрекжарды тілегін арнады.
– Бүгінгі жас қыз-келіншектер өзіңіздей батыр аналарға еліктеп өсуі керек. Өйткені, халықтың санын көбейтер өзіңіздей алтын құрсақты аналар. Елімізде Сіз секілді батыр аналарымыз арта берсін. Бүгінгі баспанаңыз құтты болып, ұл-қыздарыңыз көбейе берсін. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деді өңір басшысы.
Өз кезегінде сөз алған Жазира Тұрғынова отбасы атынан алғысын білдіріп, барлық жас аналарды бала санын көбейтуге шақырды.
Жазира Тұрғынова – Түркістан облысы Төле би ауданының тұрғыны. 27 жасында 7 баланың анасы атанған. Көпке үлгі боларлық ана. Себебі, бүгінде 3 қыз, 4 ұлды тәрбиелеп отыр. Жазираның қазіргі таңда үлкені 11-де, ал кішісі Алихан 7 айлық.
Еске сала кетсек, 23 қаңтар күні Астанада Елбасының қатысуымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Жиында Түркістан облысының тұрғыны Жазира Тұрғына сөз сөйлеген болатын.