Облыс басшысы экологиялық акцияға қолдау білдірді

Облыс басшысы экологиялық акцияға қолдау білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар қарасайлықтар үшін үйреншікті сенбілікке айналды. Қоршаған ортаны көгалдандырудан бастап күл-қоқыстан тазартуға аудан тұрғындары белсене атсалысып келеді, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Экологиялық шара бойынша ағымдағы жылдың 8 сәуірінен бастап осы уақытқа дейін «Таза өлке» және «Киелі мекен» деген атаулармен бірінші және екінші апталарында аудандағы аулалар тазартылып, тарихи-мәдени ескерткіштердің маңы абаттандырылды.

Ал осы аптаның алғашқы күнінен бастап «Жасыл аймақ» тақырыбымен акция өз жалғасын тапты. Оның мақсатына сәйкес ауданда көшет отырғызу, ағаштарды суару, әктеу сияқты жұмыстар қолға алынды. Игілікті іске Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов те үлесін қосты. Сондай-ақ қала және ауылдық округке қарасты мемлекеттік, жекеменшік мекемелер мен кәсіпорын ұйымдарының ұжымдары да бей-жай қарамай, айналаға тал егіп, жан-жақты жасылдандыруға атсалысты.

«Жасыл аймақ» бойынша аптаның әр күнінде 300-ден астам тұрғын экологиялық шараға белсенділіктерін танытты. Оның ішінде 40-тан астам мекеменің өкілдері бар. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде аудан бойынша аптаның алғашқы күні 150 ағаш, 190 көшет, 20 бұта отырғызылды. Сонымен қатар сейсенбі күні – 180, сәрсенбі күні – 500, ал күні кеше 160 ағаштың тамыры жерге орнықты. Осы жұмыстарға 11 техника жұмылдырылды.

Қарасай жерінде жалғасып жатқан экологиялық шараға сәрсенбі күні жұмыс сапарымен арнайы келген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысты. Анығын айтқанда, өңір басшысы аудандағы бірнеше мекемені аралау кезінде Әйтей ауылындағы «Өмірұзақ» тұрғын үй кешеніне және «Қазақстандық құбыр арматурасы зауыты» өнеркәсібіне арнайы келді.

Аталған қос нысанның аумағында аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы екеуі ағаш отырғызып, көпшілікпен «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға бір кісідей қолдау білдірді.

«Жасыл аймақ» атауымен жүзеге асып жатқан бұл игілікті істер аптаның соңғы күніне дейін жалғасады. Соның аясында әлі де ағаш отырғызудың саны арта түседі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Атап айтар болсақ, бірінші апта «Таза өлке» деп аталған. Елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулалар тазаланды. Екінші аптасы – «Киелі мекен». Жоғарыда атап өткендей оның аясында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналды. Үшінші аптасы – «Жасыл аймақ». Мұнда көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүзеге асырылады. Төртінші аптаға «Өнегелі ұрпақ» деген тақырып таңдалды. Оның мақсаты – ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру. Ал соңғы, яғни бесінші апта «Мөлдір бұлақ» деп аталады. Бұл шараның аясында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылуы тиіс.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях