Әйтей округіндегі медицина мәселесі талқыланды

Әйтей округіндегі медицина мәселесі талқыланды

Аудан әкімнің халыққа есеп беру мақсатында тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратын кездесулерінің соңғысы бүгін Әйтей ауылдық округінде өтті. Оның барысында округ бойынша шешімді қажет ететін мәселелер қаралды, әсіресе тұрғындар тарапынан медициналық орталықтардың және мамандардың тапшылығы жайлы проблемалар көтерілді, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Нақтырақ айтқанда, кездесуге келген тұрғандар округтегі ауылдарда ауруханалар жоқ екенін, ал бар фельдшерлік-акушерлік пункттер 2-3 бөлмелі кішкентай ғимараттарда орналасқанын, онда барлық қажетті құрал-жабдықтардың және ең бастысы кардиолог, невропатолог, педиатр секілді арнайы бағыттағы мамандардың жоқтығын айтты. Оған қоса ауыл жұрты мұндағы ФАП-тарда тіпті қарапайым қажетті уколдардың жоқ екенін және де дәрігерлер тегін берілуі керек дәрілерді уақытылы бермейтінін немесе мүлдем бізде жоқ деп қайтаратын кездері көп екенін айтып, наразылықтарын білдірді. Бұған аудан әкімі Жасұлан Естенов ағымдағы жылы Үштерек ауылында 50 келушіге арналған амбулаторияны салуға 300 млн.теңге бөлініп, құрылысын осы айда бастау жоспарланғанын, сондай-ақ Әйтей ауылындағы 20 келушіге арналған амбулаторияға жапсаржай салу мақстында жобалау-сметалық құжаттама әзірдеу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс жіберілгендігі жайлы айтты. Ал мамандар бойынша орталық аурухананың бас дәрігері Алмат Чорманов жауап беріп, қазіргі уақытта әр округтерге мамандандырылған қызметкерлерді бөлуге мүмкіндіктің жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде кардиолог, невропатолог секілді мамандар аз, әсіресе оның ішінде өз жұмысын жақсы білетіндер көбінде ақылы ауруханаларға кетіп жатқандығын жеткізді. Ал педиатрларға келетін болса, осыдан 10 жыл бұрын елімізде педиатриялық факультеттер жабылғандықтан олардың саны күрт азайып кеткен. Дегенмен соңғы жылдары аталған факультет қайтадан жұмысын бастап, бүгінде алғашқы түлектер оқуларын аяқтауда. Осыған орай қазіргі таңда жас мамандармен келіссөздер жүргізілуде. Бұған қоса бас дәрігер алдағы уақытта үлкен ауылдарда тұрғындардың ыңғайлығы үшін дәрі тарататын арнайы пунктер ашу жоспарда бар екенін де мәлімдеді.

Жиында тағы бір көтерілген өзекті мәселе – қоқыс полигонынан тарап жатқан жағымсыз иіс болды. Тұрғындардың көбі полигоннан келген иіс адам төзгіссіз екенін айтып, оны жауып тастауды сұрады. Бұған аталған полигонның иесі олардың жұмысы барлық талапқа сай жүргізіліп жатқандығын, тоқсан сайын оларды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау тексеріп тұратындығын жеткізді. Екі жақты да тыңдаған Жасұлан Тоққожаұлы округ әкіміне экология департаментіне аталған полигонды тексеру қажет деген хаттама жіберуді тапсырды.

Жалпы жиында жоғарыда айтылғандардан бөлек, саяжайлар, ауыз су, жарық, жол, қоқыс, қаңғыбас иттер секілді өзге де өзекті мәселелер сөз етілді.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях