ҒАСЫРЛЫҚ ӨМІР ЖОЛЫ КӨПКЕ ӨНЕГЕ

ҒАСЫРЛЫҚ ӨМІР ЖОЛЫ КӨПКЕ ӨНЕГЕ

Бір ғасырлық ғұмыр кешкен Ұлы Отан соғысының ардагері, Алматы облысы және Қарасай ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Тастанбеков Үсенбай Бақтиярұлы кеше дүниеден озды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.

Тастанбеков Үсенбай Бақтиярұлы 1919 жылы 20 қазанда Алматы облысы, Қарасай ауданы, Батан ауылында туған. 1928 жылы ауылда араб әріпімен төте оқу бойынша сауатын ашқан. 1938 жылы  Талғар ауылшаруашылық техникумының дайындық курсын, 1939 жылы Қаскелең қазақ орта мектебін бітірген. Сол жылы желтоқсанда әскер қатарына алынып, Минскіде кіші командирлер курсын бітірген. Молдавияда, Польшада қызмет еткен.

1941 жылдан Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қоршауда қалып, партизан отряды құрамында жаумен шайқасқан. Кейін жау шебін бұзып өтіп,  майдандағы әскерге қайта қосылған. Екі рет ауыр жараланып, ІІ топтағы мүгедек ретінде 1943 жылы елге қайтқан. Мұнан кейін колхозда хатшы, ферма бастығы болған. 1945-1950 жылдары Қаскелең аудандық газетінде жауапты хатшы, Еңбекшіқазақ аудандық газетінде редактор қызметінде істеген.

1950-1952 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыған. 1952-1965 жылдары Қаскелең, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандық газеттерінің бас редакторы қызметін атқарған. Бір жыл Қаскелең қаласындағы Горький орыс мектебінде тарихтан сабақ берген.

1966-1979 жылдары Қаскелең (қазіргі Қарасай) аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болған. 1990-1999 жылдары аудандық «Қазақ тілі»  қоғамының төрағасы, онан кейін өмірінің соңына дейін құрметті төрағасы болды.

Тастанбеков Үсенбай І, ІІ  дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, бірнеше жауынгерлік медальдің иегері. «Құрмет» орденімен, «Шапағат», «Ерен еңбегі үшін» медалімен және бірнеше мерекелік медалмен наградталған.

Алматы облысының, Қарасай ауданының, Қаскелең қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Тастанбеков Үсенбай үлкен де берекелі әулеттің бас-иесі болды. Зайыбы Нұрбикеш Оңғарқызы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді, олардан сегіз немере, 13 шөбере сүйді.

Үсенбай Тастанбеков бірнеше тәрбиелік мәні бар кітаптың авторы, бірталай белгілі жазушы, ақын, журналиске ұстаздық еткен, ұлт мәдениеті мен салт-дәстүрінің шын  жанашыры атанып, көпшіліктің құрметіне бөленген үлкен жүректі абыз ақсақал.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях