Қарасайлық жас шеберлер

Қарасайлық жас шеберлер

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, сонау ықылым заманнан бері қасиетті қара домбыра қазақпен бірге жаса­сып келеді. Осы қос ішекті асбапты жасауды өз кәсібіне айналдырған Дидар, Бекет және Марғұлан атты қарасайлық жас қолөнер шеберлері ауданымызда өздерінің шағын шеберханаларын ашты, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Қаскелең қаласындағы Мәдениет колледжінде мәдениет ұйымдастырушысы факультетінде сәндік қолданбалы өнер мамандығында бітірген он саусағынан өнері тамған шеберлер бүгінде ағаштан әр түрлі дүниелер жасайды. Бастысы – ұлттық оюлармен өрнектеп домбыра жасау. Олар кәсіптерін осыдан 3-5 жыл бұрын оқу оқып жүргенде бастап, бүгінде өздерінің шағын шеберханаларын ашып, қазір соның ісін дөңгелетуде.

Достар үштігі домбыра жасап, сатуды студент кездерінен бастаған. Ауданымыздағы бірқатар өнерпаздары осы колледжде кез-келген аспаптарды қайта өңдеуге, жөндеуге, жаңарту ғана емес, сондай-ақ, сатып алуға тапсырыс жасаған. Осыны көрген біздің кейіркерлеріміз студент кездерінде өздерінің «Nota.kz» деп аталатын инстаграм парақшаларын ашып, сол жерде жасаған аспаптарын, неше түрлі бұйымдарын жарнамалап сата бастаған. Енді, міне, өздерінің шағын шеберханаларында қалақ, жамбыл, абай, шабылған, шінкілдеуік сияқты домбыраның екі және үш ішекті түрін жасауда.

Сондай-ақ, олар жасаған аспаптарына ою салу, бояу, жазу жазу сияқты әрлендірулерді де өздері жасайды екен. Мұнан бөлек жас шеберлеріміз мұнда музыкалық аспаптардан басқа ағаштан әртүрлі мүсіндер, күнделікті өмірде қолданатын құрылғыларды да жасайды. Жігіттердің өнімдерін біздің ауданда ғана емес, сондай-ақ, Жамбыл ауданы, Атырау, Қарағанды және Алматы қалаларынанда тапсырыс беріп жасататын адамдар жетерлік көрінеді. Дарынды жігіттер ұлттық мәдениеттің құдіретін ел ішімен қатар өзгелерге де кеңінен танытуды мақсат тұтады. Осы уақытқа дейін 300-ге жуық қоңыр үнді домбыра жасаған олар қазір басқа да музыкалық аспаптарды жасауды қолға алып жатыр.

Бүгінде атадан балаға мирас болған өнерді жандандырып, ата кәсібін нәсібіне айналдырып, ұлттық дәстүрді насихаттап жүрген шеберлер қатарының көбейіп келе жатқандығы қуантады. Осы ретте ұлттық рухымыз қайта жаңғырып жатқан бүгінгі тұста, бабадан қалған төл өнеріміздің əлеуетін асырып жүрген сегіз қырлы бір сырлы жігіттерімізге алдағы уақытта бастаған кәсіптерің өрге домаласын деп тілейміз!

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях