Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Қапшағай су қоймасында әуесқой екі балықшыны құтқарды деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Оқиға 28 наурыз күні кешке жақын орын алған. Еңбекшіқазақ ауданының екі тұрғыны резеңке қайықпен Қапшағай су қоймасына барып балық ауламақ болады. Бірақ, қатты желдің салдарынан резеңке қайық жағадан алыс кетті. Балықшылар ұялы телефонын пайдаланып 112 нөміріне қоңырау шалып, келеңсіз жағдайды хабарлаған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне бұл ақпарат жеткеннен соң іздестіру жұмыстарына кірісіп кетеді. Жел солтүстіктен соғуына байланысты арнайы екі топ құрылып, бірі Қапшағай су қоймасының оңтүстік жағалауынан,екіншісі солтүстік жағалауынан жүзіп шығады.
Құтқарушылар балықшыларды 29 наурыз күні таңғы сағат бестің шамасында Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылының шетінде Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауынан 20 шақырым қашықтықта тапты. Жағаға жеткізілген ер азаматтарға медициналық көмек қажет емес екен.
Құтқару операциясына барлығы Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 2 бірлік техникасы, 3 жүзу құралы және 8 қызметкері, ат салысты.
Алматы облысының ТЖД балық аулау кезіндегі төмендегі қауіпсіздік ережелерін еске салады:
- Дауылды ауа-райы кезінде және құтқару, су өткізбейтін құралдарсыз жүзуге шықпаңыз;
- Қараңғыда жүзу құралдарын пайдаланбаңыз;
- Өзіңізбен бірге дәрі қобдишасы, қол шам, жергілікті жердің картасы, өзіңіздің тұрған орныңыз туралы хабарлау құралдары болуы қажет.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөмірі бойынша құтқару қызметінеқоңырау шалыңыз.