Елбасының сыныптасы Едіге Жүнісбеков дүниеден өтті

0
1838

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен мектеп қабырғасында бірге оқыған, Қарасай ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүнісбеков Едіге Исатұлы 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Ардақты ардагер Едіге Жүнісбеков 1940 жылы 26 қыркүйекте Алматы облысы Қаскелең қаласында дүниеге келген. 1958 жылы Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектепті бітірді. 1959 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, 1964 жылы «ғалым-зоотехник» мамандығын алып шыққан.

Едіге Исатұлы еңбек жолын 1964 жылы Алматы облысы Гвардия ауданы Амангелді атындағы колхозда зоотехник болып бастаған. Осында екі жыл еңбек еткен соң, 1966 жылы Қаскелең ауданы «Дружба» совхозында товарлы сүт фермасында бригадир ретінде жұмыс істеді. 1972-1983 жылдары Алматы облысы Күрті ауданындағы «Бозой» совхозында зоотехник, бас зоотехник, «Сарытауқұм» түйе совхозында директор болды. 1983-1990 жылдары Күрті аудандық атқару комитетінің ауылшаруашылығы басқармасының бастығы және осы ауданның партия комитетінің хатшысы, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы сияқты лауазымды қызметтерді атқарды. Одан соң еңбегі жоғары бағаланып, 1990-1994 жылдары Алматы облыстық Кеңесі төрағасының орынбасары, халық депутаттарының облыстық Кеңесінің төрағасы, Алматы облыстық әкімшілігі бастығының бірінші орынбасары болды. 1994-2002 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңестің депутаты, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары, Алматы облысы әкімінің жанындағы Тәртіптік Кеңес төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы, Алматы облыстық Тәртіптік Кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеді.

2002-2003 жылдары Алматы облыстық Мәслихатының хатшысы болса, 2003-2007 жылдары Тәртіптік Кеңеске қайта оралып, Алматы облыстық Тәртіптік Кеңестің төрағасы болды. 2007-2014 жылдары Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, өкілі қызметтерін атқарды. Ал 2019 жылдың сәуір айынан бүгінгі күнге дейін Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.

Едіге Исатұлы – Қарасай ауданының Құрметті азаматы. Ардагер ел алдында сіңірген еңбегі үшін «Құрмет орденімен», «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Астана» медалімен, «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «ҚР Парламентіне – 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Елге сыйлы, қадірлі қария өмірлік жары – Мәуе екеуі үш бала тәрбиелеп өсіріп, олардан немере, шөбере сүйді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь