«Аграрлық несие корпорациясы» 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастады, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
«Біз көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына қаржыландыруды ерте бастаймыз. Алғашқы 100 миллиард теңгеге өтінім қабылдау қараша айында басталады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шаралары сақталады, ал фермерлер өз несиелерін бұрынғы шарттармен төлей алады», – деп мәлімдеді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.
Биыл көктемгі және күзгі науқанға 320 млрд теңге бөлінсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 140 млрд теңгені құраған. Алдағы 2025 жылға ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша 700 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінбек. Оның 560 млрд теңгесін «Бәйтерек» холдингі мен Аграрлық несие корпорациясы нарықтан тартады.
Осылайша, агроөндірістік сектордағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың арқасында жеңілдетілген қаржыландыру қолжетімді болады!