Алматы облысының әкімі Қонаев қаласында өткен сенбілікке қатысты

Алматы облысының әкімі Қонаев қаласында өткен сенбілікке қатысты

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өтіп жатқан сенбілік жұмыстарына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев та қатысып, Қонаев қаласындағы тазалау және ағаш отырғызу жұмыстарына атсалысты, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Демалыс алаңы мен жағажайға дейін жүріп өткен облыс басшысы көгалдандыру барысында жасыл алқаптарды тамырымен жұлып алмай, мұқият тазалау қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ қолына қолғап киіп, күрек алған Марат Елеусізұлы бірнеше ағаш отырғызуға көмектесті.

– Жалпы көктем маусымы келген сайын облысымызда жылда сенбіліктер өткізіліп отырады. Алайда бұл жолғы акция аясында бір ай бойы абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Оның үстіне «Таза Қазақстан» шараның әр аптасы белгілі бір тақырыпқа сай келеді.

Табиғатымызды сақтау жолында ұйымдастырылған тазалық науқанына мемлекеттік қызметкерлер, мекеме қызметкерлері мен қоғам қайраткерлері ғана емес, әрбір тұрғын атсалысуы қажет, – деп атап өтті әкім.

Сенбіліктің алғашқы аптасында Алматы облысында акцияға 300 мыңнан астам адам қатысып, 20 мыңға жуық ағаш отырғызылды, жиналған қоқыс көлемі 15 мың тоннаны құрады, оның үш мың тоннаға жуығы қайта өңдеуге жіберілді, жұмыстарға 510 техника пайдаланылды.

Аймақ басшысы журналистермен тілдескенде бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбы – Қазақстанның көптеген өңірлеріндегі су тасқыны туралы да назардан тыс қалдыра алмады. Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша, судан зардап шегіп, қиын жағдайда қалған өңірлерге Алматы облысынан 200 тоннадан астам гуманитарлық көмек жолданған. Сонымен қатар су басқан жерлерге облыстың төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері мен арнайы техникалары да жіберілген.

– «Қазір табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде», – дей келе облыс басшысы гуманитарлық көмекті жинауға атсалысқандардың барлығына алғысын білдірді.

Мұнан бөлек бұл күні Марат Елеусізұлы «Алтын алма» және «Строитель» саяжайларын аралап, мұндағы тұрғындардың сенбілікке бір кісідей шығып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп жатқанын атап өтті.

– Тазалық өзіңнен басталады. Балаларды осындай іс-шараларға қатыстыра отырып, біз оларды табиғатқа ұқыптылықпен қарауға, қаладағы тәртіпті сақтайтын адамдардың еңбегін құрметтеуге үйретеміз. Біз өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетеміз. Сіз жинаған барлық қоқысты тиісті қызмет жинайды. Сондай-ақ, өткен жылдан бері тазалықты бұзғандармен күресу жұмыстары жүргізілуде, тіпті темекі тұқылын лақтырғандарға айыппұл саламыз. Бұл ретте арнайы техника алуға қаражат қала бюджетінде қалады, – деді облыс әкімі.

Бұған қоса тұрғындармен болған әңгімеде ол газ және су қосуға қатысты көкейтесті сауалдарға да жауап беріп, бекітілген бас жоспарға сәйкес саяжайлар қала шегіне кіріп, мұндағы үйлерге газ бен су қосылып, бәрі де қала стандартына сай болатынын жеткізді.

Әкімнің одан кейінгі барған жері «Құрылысшы» саяжай бірлестігі болды. Онда тұрғындар электр қуатына қатысты мәселелерді көтерді.    Олардың айтуынша, массивте 11 трансформатор орнатылған, бірақ оның біреуі ғана жұмыс істейді. Қалғандары жабдықтаушы алдындағы үлкен қарызға байланысты қосылмаған, өйткені көршілер арасында төлемақы төлемейтіндер бар. Дәл осы себепті сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындайды. Сондай-ақ жүк көліктері айналма жол болғанымен, жергілікті жолдың бойымен асфальтты бұзып жүреді.

Барлық айтылған мәселелерді мұқият тыңдаған Марат Сұлтанғазиев энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына осы жағдайды ретке келтіруді, тұрғындармен кездесіп, қарызды өтеу кестесімен борышкерлер тізімін жасауды тапсырды. Оған қоса ауыр жүк көліктерінің өтуіне тыйым салатын жол белгілерін орнатуды да тапсырды.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях