Жомарт жүректі кәсіпкерлер марапатталды

Жомарт жүректі кәсіпкерлер марапатталды

Алматы облысы Талдықорған қаласындағы «Рухани жаңғыру» орталығында аймақтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге оң ықпалын тигізіп жүрген және қайырымдылық жасаудан алдарына жан салмаған үздік жыл меценаттары марапатталды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шарада мұқтаждарға көмек көрсетіп, қайырымдылықты дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері атанды.

Салтанатты басқосуда алғашқы сөз облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовқа беріліп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл сайын елде әртүрлі номинация бойынша жеңімпаздарға сыйлық тапсыру рәсімдерінің өтетінін және соның бірі «Жомарт жүрек» сыйлығы екенін атап өтті. Сонымен қатар, биыл облыста меценаттардың арқасында 326 миллион теңгенің 70 әлеуметтік маңызды жобасы жүзеге асқанын алға тартты. Қай кезде де көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жақсылық жасау үлкен сауапты іс екенін атап айтты. Мұнан соң, Балқаш ауданы Бояулы ауылындағы жергілікті кәсіпкер Азамат Молдақасымов көшелерді асфальттау, медресе мен аулалардағы алаңдарды жөндеу, түнгі жарықтандыру, басқа да маңызды жұмыстарды іске асыруда «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша марапатталды. Осы номинация негізінде ауылдықтарға өз қаражаты есебінен баспана тұрғызған «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Еламан Шайнүсіповтің қосқан үлесі аталып өтілді. «Жыл меценаты» номинациясы бойынша Қаратал ауданындағы аз қамтылған отбасына демеушілік көмек көрсетіп, өзінің туған ауданына футбол алаңын салған Серікжан Жексембиновке біріншілік пальмасы бұйырды. Жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға материалдық қолдау көрсетіп, Кербұлақ ауданының Тастыбастау ауылында бастауыш мектеп құрылысын жүргізген кәсіпкер Хасан Абуев «Туған өлке» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Ал, әлеуметтік маңызы бар қайырымдылық жобаларды, көмек берудің жаңа тиімді түрлерін енгізгені, акцияларды тиімді жүзеге асырғаны мен қоғамдық маңызы бар шараларға ірі демеушілік жасағаны үшін «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша Қарасай ауданының «АлматыГазСервис Холдинг» акционерлік қоғамының мерейі үстем болды.

Шара барысында, сондай-ақ, әлеуметтік жауапкершілігі зор бизнесте қайырымдылық ісін дамытуға үлес қосып жүрген басқа да кәсіпкерлердің есімдері аталды.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях