Баспаналы болуға үкіметтен жеңілдік

Баспаналы болуға үкіметтен жеңілдік

Елбасы Жолдауында айтылған баспана алуға берілетін бастапқы жарнаны субсидиялау Жетісу өңірінде де бастау алмақ. Ең алдымен мұндай көмек Алматы облысында мемлекеттік пен бюджеттік салада істейтін азаматтарға қол жетімді болады. Бұл туралы алдыңғы аптаның сенбісінде Қаскелең қаласындағы аудандық мәдениет үйінде өткен жиында айтылды. Аталмыш басқосуға Алматы облысы құрылыс басқармасы тұрғын үй нысандары және инженерлі тораптар салу бөлімінің бас маманы Дидар Ешенов, ҚР Ұлттық Банкінің Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Бағлан Диханчинов, аудан әкімі орынбасары Алмасбек Әшімбай және жоғарыда көрсетілген бағытта қызмет атқаратын тұрғындар қатысты.

Жаңадан бастау алған «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша бастапқы 20 пайыздық жарнаны төлеу көптеген азаматтарға қиындық тудыруда. Осы мәселені ескере келе, азаматтарға пәтер алу қол жетімді болу үшін облыс әкімі Амандық Баталов 2 млрд-қа жуық қаржы субсидиялауға берілетінін айтқан болатын. Ал, жиын барысында Бағлан Мұраталдинұлы жеңілдік алу үшін қандай құжаттардың керек екенін тізбектеп айтып, біздің өңірімізде қолға алынған субсидиялау тек Алматы облысында қызмет ететін мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлеріне берелетінін жеткізді. Нақтырақ айтқанда, әр азамат «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтер алу үшін бастапқы жарнаның 10 пайызын өз қалтасынан берсе, қалған 10 пайызын үкімет тарапынан бөлінген қайтарымды қаржымен төлейді. Қайтарымды дегеніміз, берілген ақша пайызсыз бөліп төлеу қағидасы арқылы қайтарылатын болады. Әрине, мұндай көмек, көптеген азаматтарға өте тиімді. Алайда, бұған қатысу үшін биылдан кешікпей, қажетті құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығына өткізу қажет. Олардың тізімі мынадай: өтініш иесінің нотариалды куәләндырылған жеке және неке куәлігі, жұмыс орнының анықтамасы, отбасының мүшелері жайлы анықтама, барлық отбасы мүшелерінің мекен-жай анықтамасы, барлық отбасы мүшелерінің жылжымайтын мүлігі жоқтығын растайтын анықтама, баланың туу туралы куәлігі, қаржы кірісінің анықтамасы, нотариалды куәләндырылған еңбек кітапшасы, аудан әкімінің атына өтініш және іс қағаз тіркейтін қалта. Субсидиялау тіркелу кезегі бойынша берілетіндіктен, ерте алуға құжаттарды асыға өткізген жөн болар. Ал, жиын соңында барлық жиналған тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қанағатты жауаптарын алды.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях