Токио Олимпиадасына жолдама алған еді…

Токио Олимпиадасына жолдама алған еді…

Еліміз егемендік алған жылдардан бері шекарамыз бекіп, уақыт өткен сайын сан салада жеткен жетістігіміз артып келеді. Оның ішінде спорттан да мемлекеттің талай мәртебесі өсіп, мерейі үстем болды. Осы ретте спорт десе, ішкен асын жерге қоятын қарасайлықтардың қатары аз емес екенін ерекше айтуға болады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында осы салада талай жетістікке жетіп, Жетісу жерінің ғана емес, Қазақстанның атын әлемге әйгілі етіп жүрген жерлесіміз, грек-рим күресінің хас шебері Асхат Ділмұхамедов жайлы жазуды жөн көрдік.

1986 жылы дүниеге келген Асхат Рахатұлы – Алмалыбақтың тумасы. Бала кезінен спортты жанына серік етіп, палуан болуды армандаған. Эльмира есімді анасынан, үлгі тұтар әкесінен тәлім-тәрбие алған Асхат артынан ерген інісі Данияр мен қарындасы Раминаға қамқоршы аға атанып, ақылшы аға бола білді.
Асхат Ділмұхамедов Алмалыбақ ауылындағы орта білім ордасында алғаш мектеп табалдырығын аттаған. Осында оқып жүріп ол Қаскелең қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде күрестің қыр-сырын меңгеріп, чемпиондық жолға қадам басады. 8 сыныпқа көшкенде Алматыдағы физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын мектепте білімін жалғастырды.
Болашақ күрескер Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде «экономика» мамандығы бойынша білім алған. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң спорттық мансабын жалғастыруды мақсат етіп, осы бағытта шеберлігін шыңдай түсті.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы бар Асхат Ділмұхамедовтың бүгінгі күнге дейін ауыз толтырып айтар жеңістері жетіп артылады. Талай дүбірлі додада топ жарып, елдің намысын байрақты бәсекелерде абыроймен қорғады. Қазақстанның 5 дүркін чемпионы атанып, Азия ойындарында қола жүлдегер де, чемпион да болды. Лондон олимпиадасына да қатысқан. Алайда, бұл жарыста жарақатының салдарынан жақсы нәтижеге қол жеткізе алмады.
Асхаттың айрықша жеңістерінің бірі 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында болды. Бұл әлемдік жарыста оның асығы алшысынан түсті. 77 келіде белдескен жерлесіміз қарсыластарына дес бермеді. Іріктеу айналымында екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін Еуропа чемпионы, ресейлік Роман Власовты 3:0 есебімен ойсырата ұтып, сенсация жасаған болатын. Сондай-ақ, дәл осы байрақты бәсекенің ширек финалында сербиялық балуанды 3:2 есебімен жеңіп, үздіктердің қатарына ілінді. Грек-рим күресінің ережесі бойынша лицензиялық әлем чемпионатында 1-ден 5-ші орынға дейінгі аралықта орын алған балуандар Олимпиада жолдамасына тікелей ие болады. Осылайша, Асхат Ділмұхамедов Токио Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізіп, айды аспанға шығарған болатын. Алайда, пандемияның салдарынан бір жыл кешігіп ұйымдастырылған биылғы Олимпиадаға ұлттық құраманың басшылары басқа шешім шығарды.Олар біздің мақтанышымыз Асхатты емес, 71 келі салмақта күресіп, 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 31 жастағы Демеу Жадыраевты таңдаған болып шықты. Жас ерекшеліктерінің әсер болды ма, әлде түрлі жарыстардағы жеке көрсеткіштерінде айырмашылық байқалды ма екен, ол жағы бізге беймәлім. Бір өкініштісі, таңдау басқа палуанға түсті.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, жерлесімізге тиесілі болып тұрған жолдама жол ортадан бұйырмады. Жә, бұны да жақсылыққа балаймыз. Біз үшін Асхат Ділмұхамедов чемпион болып қала бермек. Қарасайдың атын күллі әлемге танытып жүрген жерлесіміз әлі талай жеңіс шыңдарын бағындарады деген сенімдеміз. Оның қашанда қолдаушысы болып табылатын, адал жары Альбина екеуінің болашағы жарқын болуын тілейміз!
Асхаттың алдағы арманы асқақ. Ол өз сөзінде «адамның кіндік қаны тамған жерге, маңдай тері де таму керек» деп айтқаны бар. Келешекте жерлесіміз шәкірт тәрбиелеп, Қазақстанның атын шығаратын болашақ чемпиондарды тәрбиелеуді мақсат етеді. Жоспарлары жүзеге асатынына біз кәміл сенеміз.
Жарқын күндеріңіз бен жеңістеріңіз көп болсын, чемпион!
Күллі Қазақстан елі, Қарасай жұрты Сізді қашанда мақтан етеді.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях