Құс өсіру – тиімді кәсіп (Видео)

Құс өсіру – тиімді кәсіп (Видео)

Құс шаруашылығымен айналысамын деушілерге де мемлекет тарапынан түрлі қолдау бар. Соның бірі – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Оның басты мақсаты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті меңгерудің тиімді жүйесін дамытуға бағытталған. Ауданымызда аталған бағдарлама аясында қайтарымсыз грантқа ие болғандардың қатарында құс өсіру шаруашылығымен айналысап отырған Сәуле Тажбағамбетова.

Кәсібін бастамас бұрын нарықты зерттей келе, ол қазіргі таңда құс етіне сұраныс жоғары болып тұрғанын байқайды. Бұл ісін  неден бастарын білмей жүрген кезінде, досынан бүгінгі таңда, әсіресе, жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан  жақсы қолдау бар екенін хабардар болады. Алдыңғы кезекте Сәуле әпкеміз аудандық Жұмыспен қамту орталығына барып кеңес алады. Ондағы қызметкерлер бизнесті бастау бойынша толық ақпараттандырып, Сәуле әпкемізді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына бағыттайды. Аталған мекемеде алдымен іскерлік әлемінің қыр-сырына қанығу үшін қазіргі жағдайға байланысты 21 күндік онлайн курстан өтеді. Қолына сертификаты тиген соң аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бойынша бизнес жобасын сәтті қорғап, 583 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болған.

Көптен армандаған құс өсіру кәсібіне қатысты үйдегі дайындықты да ол ерте бастап кеткен. Алатын құстарына орын дайындап, 24 шаршы метр қорасын да, еркін жем-суын ішіп-жеп жүретін қолшалған 30 шаршы метр алаңды да салып қояды. Ал, қолына қаражаты тиген соң, ол ақшаға хайсекс тұқымындағы тауықтарды сатып алып, баптайды. Кәсіпкер тауықтың бұл түрі ауарайының құбылмалы кезеңдеріне төзімсіз екенін байқап, келесі кезекте өзге түрлерін алуды жөн деп санайды. Осылайша, таңдауы адлер тұқымына түсіп, одан 60 тауық, үндіктен жиырмасын, индоүйректен пен  қораздан он бесін сатып алып, кәсібін жалғаған. Құс өсірудің қыр-сырын біртіндеп меңгерді.   Уақыт өткен сайын бусанып, көк бүр жарған шақтан бастап, құс ұяларын сайлап, суытпай алған жұмыртқаларды әр құстың бауырына салу қамына кіріседі. Бұған қоса жұмыртқалағыш тауық түрлерін балапан күнінде молынан сатып алуды да жолға қойыпты.

…Кейіпкерімізбен әңгімелесіп тұрғанымызда жан-жағымыздан маймаңдай басқан қаздар мен қоқиланған күркетауықтар, жем іздеп жүгірген тауықтар қаумалай бастады. Өздерін баптаған жан жем береді деп дәмеленіп жүрген сияқты. Жүрген жүрістеріне қарап құстардың жинаған салмақтарын да ойша бағамдап үлгердік. Көрсең көз тоятын, сатсаң ақша құрайтын құс шаруашылығы тек табыс көзі ғана емес, әр ауланың  сәні де ғой, шіркін, дедік біз Сәуле әпкемізге  табыс тілей тұрып.

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях