Париж олимпиадасының басталуына 100 күн уақыт қалды. Осыған байланысты олимпиадаға қатысатын спортшыларды қолдау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі – Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында өтуде.
Аңығырақ айтқанда, күні кеше қаланың орталық жағажайы «Олимпиада ойындарына 100 күн қалғанда» республикалық акциясына қатысушылар үшін өзіндік спорт алаңына айналды. Шараға облыстың 18 және одан жоғары жас санатындағы спорт ұйымдарының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Аталмыш акция Олимпиадалық қозғалысты насихаттау және 2024 жылы Парижде 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтетін Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Шара барысында жаттығу алаңында алдымен қатысушылар серігіп, денелерін қыздырып алу үшін ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаевтың жүргізуімен арнайы жаттығулар өткізілді. Одан кейін 2 шақырымдық жарыс ұйымдастырылды.
– «Олимпиада ойындарына 100 күн қалғанда» шарасы – жеңіске жеткен және де алдағы Олимпиадағы қатысу үшін лицензиясын жеңіп алған барлық спортшылар үшін ең қызу, жауапты және оқиғаға толы кезең», – деп атап өтті Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының өкілдері.
Спорттық шарадан кейін бірден облыс орталығының спорт қауымдастығының өкілдері осы күндері республика көлемінде өтіп жатқан «Киелі мекен» экологиялық акциясына қатысты. Нәтижесінде қатысушылардың көмегімен №7 қалалық жағажайдың барлық жағалау аймағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.