Кеше, аудандық «Нұр Отан» партиясының филиалында партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Оған төрағалық еткен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағындық Жылқыбаев және комиссия мүшелері ретінде, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Қаныбек Айтжанов, аудандық мәслихаттың депутаттары Дамиля Қлышбаева мен Атлана Исаева қатысып отырды.
Аталмыш жиынның күн тәртібінде екі мәселе қарастырылды. Оның ішінде атап өтсек, комиссия мүшелері «Нұр Отау» қарттар пансионатына қатысты келіп түскен шағымды қарастырды. Осыған қатысты пансионаттың басшысы Галина Бурматова арнайы шақыртылып, орын алған келеңсіздіктер жөнінде өз жауабын берді. Және бұл істің анық-қанығына жету үшін, жақын уақытта комиссия мүшелері сол жерде тексеріс өткізіп, нақты шешімдерін шығаратын болады. Келесі мәселе «Қарлығаш» тұрғын-үй кешенінің жағдайы жөнінде 33 тұрғыны қол қойып, сегіз пункт бойынша түсірілген шағымға арналды. Бұл мәселеге қатысты тұрғын-үй кешенін салған ТОО «Фирма Еламан» фирмасының жауабы оқылып, сондай-ақ, пәтер иелерінің кооперативі маманы осы қолайсыздықтардың барлығы жыл соңына дейін толықтай шешілетінін айтты.