Келер оқу жылы елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы бес мектепке пилоттық жоба ретінде Қазақ күресі спорты дене шынықтыру пәніне енгізіледі, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
– Өткен жылдың қазан айында Қазақ күресі федерациясының өкілдері федерацияның президенті қызметін маған сеніп тапсырған болатын. Осы уақытқа дейін біз атқарылуы тиіс шаруалар мен шараларды реттеп, жұмысты жүйеледік, жоспар құрдық. Соған сәйкес, бірқатар кешенді жобаны іске асырғалы отырмыз. Біздің негізгі мақсат – Қазақ күресін әлемдік деңгейге көтеру, – деді Қазақстан Республикасының Қазақ күресі федерациясының президенті-Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Федерация президентінің айтуынша, осы мақсатта ең алдымен Қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу жұмысы қолға алынған.
Қазіргі таңда Қазақ күресінің 100 сағаттық оқу бағдарламасы дайындалдып, ол оқу бағдарламасында күрестің әліппесінен бастап өзіндік спорт түрі ретінде барлық қыры, оқыту жолдары қамтылған. Алдағы оқу жылы пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтан қаласындағы бес мектепте дене шынықтыру пәндеріне Қазақ күресі енгізіледі. Сондай-ақ, министр федерация осы мақсаттың ізінше тиісті мамандарды дайындау үшін арнайы оқу орнын ашуды көздеп отырғандығын да айтып өтті.
– Біз алдағы оқу жылы пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтан қаласында бес мектепте дене шынықтыру пәндеріне Қазақ күресі енгізейікдеп отырмыз. Осы ретте мамандардың жетіспеушілігі туындауы мүмкін. Сондықтан біз мамандар дайындайтын Қазақ күресі академиясын ашуды жоспарлап отырмыз. Академия мамандарды ғана оқытып қана қоймай, төрешілердің біліктілігін арттыру, ұлттық күрестің ғылыми-практикалық тұрғыда зерттелуін қамтамасыз етеді. Яғни, барлық әлемдік спорт ретінде біз де Қазақ күресін ғылыми тұрғыдан зерттеуіміз керек, – деді Дәурен Абаев.
Ал, федерацияның бас хатшысы Бақдәулет Сәбитовтің айтуынша пилоттық жобаға сай 5-11 сынып арасындағы оқушыларды кәсіби тұрғыда дайындалады ал, 1-4 сынып балаларына Қазақ күресінің акробатикалық жаттығулар үйретіледі. Сондай-ақ, ол күрес федерациясы гимнастика федерациясымен келісімге келгендігінде айтып өтті. Яғни, әр бала өз тандауына сай Қазақ күресінен бөлек гимнастиканы да үйрене алады.