Облыс аумағындағы блок-бекеттер күшейтілген режимде жұмыстарын жалғастыра береді

Облыс аумағындағы блок-бекеттер күшейтілген режимде жұмыстарын жалғастыра береді

Елдегі төтенше жағдайдың сәуірдің аяғына дейін созылғанына орай Алматы облысындағы блокпосттар күшейтілген режимде жұмыс істеуін жалғастырады. Сол сияқты дезинфекциялық және коронавируспен күрес шаралары жалғаса береді. Бұл туралы өткен аптада селекторлық жиында облыс әкімі Амандық Баталов айтты, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өздеріңіз білетіндей, өткен аптада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық штаб отырысында елдегі төтенше жағдай режимінің сәуір айының соңына дейін созылғанын айтып, соған орай өңірлерге бірқатар тиісті тапсырмалар берген еді. Осыған байланысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы жиын өткізіп, тапсырмаларды орындаудағы міндеттіліктерді талқылады. Басқосуға аудан, қала әкімдерімен қатар, облыстық басқарма басшылары да қатысты.

Алдымен облыс басшысы өз орынбасарларына сөз берді. Олардың әрқайсысы өздері жетекшілік ететін салалары бойынша қысқаша баяндады.  Мәселен, облыс әкімінің орынбасары Б.Байжұманов медицина мамандарына үстемақы мен сыйақы беру, оларды қажетті жеке қорғану құралдарымен қамту, карантиндегі «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің жағдайы, балаларды қашықтан оқытудың жай-күйі сияқты бірқатар мәселелерді баяндады. Оған қоса Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде облыстық әкімдіктің көмегімен 983 отбасына, аудан өз тарапынан қосымша 385 отбасына көмек көрсетіп, қажеттіліктермен қамтамасыз еткенін жеткізді.

Жиын соңында облыс әкімі төтенше жағдай режимінің сәуір айының соңына дейін созылуына байланысты барлық блок-посттар қазіргідей күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруы тиістігін айтты.

–  Әсіресе Жамбыл облысымен шектесетін аумақтарда қатаң сақтық қажет. Індетпен күрес шараларына тартылған барлық мамандардың жеке қорғану құралдарымен толық көлемде үздіксіз қамтамасыз етілуі қатаң бақылауға алынсын. Артық жүріс-тұрысты, көшеге шығуды шектеу, дезинфекциялық шаралар одан әрі жалғасады. Егіс алқаптарындағы көктемгі жұмыстар тоқтамайды. «Жұмыспен қамту жол картасының» жобаларын жүзеге асыратын мердігер компаниялардың жауапты, сапалы болуына назар аударып, олардың жұмысын кесте бойынша қатаң бақылауда ұстауымыз керек. Ең бастысы – картаға енгізілген жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, қаржыны дер кезінде игеру. Әр аудан, қала әкімдері, сала жетекшілерінің Президент жүктеген міндеттерді басшылыққа алып жұмыс істеуін қатаң тапсырамын. — деді А.Баталов.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях