Бүгін елордада ҚР Мемлекеттік рәміздер күнін атап өту аясында қалалық әкімдік «Көп балалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға жалға берілетін 150 пәтердің сертификаттарын беруді бастады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Көп балалы отбасыларға арналған 150 пәтер қалалық «Берекелі баспана» қалалық бағдарламасы аясында табысталады. Пәтерлерді беру екі кезеңнен тұрады. Оның алғашы кезеңінде 17 маусымға дейін құжаттар жинау және қабылдау, ал екінші кезеңінде 15 шілдеден бастап қоныстандыру жұмыстары жүргізіледі.
Әкімдікте атап өткендей, қабылданып жатқан шаралар аз қамтылған көп балалы отбасылардың баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының әл-ауқатының жоғарылауына септігін тигізеді.
Айта кетейік, бүгінде елордада 46 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 3000-нан астамы көп балалы отбасылар. Тұрғын үй кезегінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар тұр, олардың қатарында көп балалы аналар, тұрмысы төмен азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар.
Елордада осы жылдың соңына дейін шамамен 2 мың пәтер беріледі. «Көп балалы отбасы» санатында тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы отбасылар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (Р.Қошқарбаев, 39) жүгінуі тиіс, байланыс нөмірі:
79-34-50.