Коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жөнінде кеңес өтті

Коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жөнінде кеңес өтті

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен жиын барысында еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағаны және де осыған байланысты ахуал ушыққан жағдайда оған мемлекеттік органдардың дайын болуы қажет екендігі айтылды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев түйткілді мәселелерді айта келе, тест сынамаларын алу көлемінің азайғанына назар аударды.

–  Бүкіл әлемде зертханалар желісінің кеңейгеніне және тестілеу бағасының төмендегеніне қарамастан, елімізде оның құны жоғары болып отыр: 10 мыңнан 18 мың теңгеге дейін. Тұрғындардың басым бөлігі үшін бұл баға қымбат деп ойлаймын. Үкімет пен әкімдіктер тест сынамасын алудың қаржылай қолжетімділігі мәселесін шешуі керек. Сонымен қатар басқа елдермен, соның ішінде, Ресеймен салыстырғанда бетперделердің бағасы әлі де шарықтап тұр. Оның да бағасын төмендету қажет. Үкімет бетперделердің бөлшек саудадағы шекті бағасын 60 теңге көлемінде бекітуді жоспарлап отыр. Маған хабарлаған мәлімет бойынша, Ресейде бұл баға 20-30 теңге шамасында. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне мұндай бағалардың сәйкестігіне талдау жасап, зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныш құралдарының бағаларына мониторинг жүргізуді тапсырамын, — деді Мемлекет басшысы.

Президент ел тұрғындарының жаз маусымында дәрі-дәрмек тапшылығын көргенін жиынға қатысушылардың есіне салды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін ғана тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда: дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры жасақталып, қажетті препараттардың тізімі кеңейтілді, сондай-ақ, оларды шетелден әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді.

Мемлекет басшысы пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі салмақ тағы да медицина қызметкерлеріне түсетінін атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша екінші жартыжылдықта төлемақы үшін 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ үстемақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар.

Президент өз сөзінде басқа да ауру түрлері бойынша тиісті медициналық көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жағдайдың нашарлағанына арнайы тоқталды.

Сонымен қатар кеңесте басқа да мәселелер қарастырылды. Президент халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларына қатысты мәселелер ерекше назар аударуды қажет етеді. Жиында Премьер-Министр Асқар Мамин, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, сондай-ақ,  Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов сөз сөйледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиында сөйлеген сөзінің толық мәтінімен сілтемеден таныса аласыздар.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях