Ерекше жанның өнегелі өмірі (Видео)

Ерекше жанның өнегелі өмірі (Видео)

Әлем бесігін бір қолымен тербетіп, биязы мінезімен талай белесті бағындырған әйелдер қауымының біздің қоғамда алар орны айрықша. Оның ішінде тағдырдың сынағынан сүрінбей, жігері мұқалмаған, жұдырықтай жүрегімен өмір күресінен тайсалмайтын ерекше нәзік жандыларды айтпасқа тағы болмас.

Иә, оларды «ерекше» деп атау өте орынды. Қоғамда мұндай адамдарды «мүгедек», «мүмкіндігі шектеулі» деген сөздермен сипаттап жататыны жасырын емес. Алайда, өзгелерде табылмас асқақ рухы бар мұндай қайсар жүректілерді «ерекше» деп атаған абзал. Осындай санаттың қатарында біздің әңгімемізге арқау болатын қарасайлық Диларахан Сайтова да бар.

8 наурыз – Халықаралық аналар мерекесінің қарсаңында қарым-қабілеті мол, нәзік жанды Диларахан Тұрсынбайқызының өмір дерегінен сыр шертіп, өткені мен бүгінін айтсақ дейміз.

1999 жылы Қарақалпақстан елінен қоныс аударған біздің кейіпкерімізде өзгелерде көп кездеспейтін дарындылық бар. Негізгі мамандығы тігінші болғанымен, қаншама қайратты азаматтардың бойынан табыла бермейтін оның спорттық қабілетін жоғары бағалауға болады. Диларахан Тұрсынбайқызы 2005 жылы өмірлік жолдасымен үлкен өмірге қадам басып, аяулы жар атанып, тұрмыс құрады. Бір жылдан кейін бақытты отбасының шаңырағында Жүсіп және Ахмет есімді егіз ұлдар дүниеге келіп, қуаныштары еселей түсті.

«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, кейіпкеріміз 2013 жылы үй кезегіне тұрып, бірнеше жылдан кейін талай уақыттан бері аңсап күткен баспанасына қол жеткізеді. Оған мемлекеттің тарапынан сатып алу құқығымен жалға берілетін «Асыл арман» ТК-нен бір бөлмелі пәтер бұйырды. Осы жерде ол тігін шеберханасын ашып, бүгінгі таңда жергілікті халыққа қызмет етіп келеді. Күнкөрістің қамын жақсарту мақсатында Диларахан Тұрсынбайқызы бүгінгі таңда «Қуат» мүгедектер қоғамдық бірлестігінде І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке көмекшілерімен жұмыс істеп, солардың іс-қағаздарымен айналысады.

Іскер Дилараханның асқақ арманының тағы бірі – кең бөлмелі баспаналы болу. Оған қол жеткізу үшін тынбай тіршілік етіп, ел қатарлы табанды еңбек етуде. Міне, қайсар жүректі, өр рухты Диларахан Тұрсынбайқызының ғибратты ғұмыры осындай. Алға қойған жұмыс жоспары ойының да артық орындалып, құтты қадамдары қуанышқа ұласа, берсін дегіміз келеді! ​ Мерекеңіз құтты болсын!

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях