Бірінші Майда мектеп күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, «Work Out» алаңы салынады

Бірінші Майда мектеп күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, «Work Out» алаңы салынады

Бірінші Майда өткен жылы бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілген. Бірақ, биыл да округ әкімі Елдос Мұқатаевтың айтуынша, округ тұрғындарын қуантарлықтай істер жетерлік. Әсіресе, 45 жылдың ішінде тозығы шыққан мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігі. Сондай-ақ, биыл Қайнар ауылында «Work Out» пен кіші футбол алаңдарын ашу жоспарлануда. Бүгінде бұл мәселені шешу мақсатында әкімдік тарапынан құрылыс жұмыстарын жүргізетін жер іздестірілуде, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Мұнан бөлек, Бекболат ауылында адамдардың демалыс уақыттарын таза ауамен демалып, серуенмен өткізулері үшін биыл мұнда сквер салу жоспарланған. Бұған қоса балаларға арналған алаңның құрылыс жұмыстарын жүргізу белгіленіп отыр.

Биыл Біріншімайлықтарды қуантатын тағы бір жайт – ол алдағы уақытта құрылысы жоспарланып отырған жаңа амбулаторияның салынуы. Нақтырақ айтқанда, бүгінде Бекболат ауылында амбулатория бар, бірақ, 43 жыл бұрын тұрғызылған оның ғимараты әбден тозған. Осы ретте биыл 50 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбуларторияның құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен 14 млн. 200 мың теңге бөлінген. Округ әкімінің айтуынша, егер де осыған байланысты облыстан рұқсат келсе, онда бірден амбулаторияның тұрғызуға байланысты жұмыстар басталатын болады.

Мұнан бөлек өткен жылы Бекболат пен Қайнар ауылдарының тұрғындарын мазалаған су мәселесін шешу мақсатында бюджеттен 622 млн. теңге қаражат бөлініп, су жүйелеріне толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізу басталған болатын. Биыл бұл жұмыстар аяқталып, округ тұрғындары сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қайнарлықтарды мазалаған кәріз мәселесі де биыл өз шешімін табатын болады.

Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту биыл да назардан тыс қалған жоқ. Нақтырақ айтқанда, Бекболат ауылындағы Майбұлақ көшесінің электр бағаналары және СИП кабельдерін ағымды жөндеуден өткізу, жаңа трансформатор орнатып, «Алатау Жарық» компаниясының иелігіне өткізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек әрдайым су мәселесімен қатар жүретін жол мәселесін шешу үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады. Мәселен, 2021 жылы Қайнар ауылындағы Амангелді, Алатау, Бейбітшілік көшелеріне, Бекболат ауылындағы Жайлау, Жастар, Бәрібаев көшелеріне және де Сауыншы ауылындағы Бірлік көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне өтініш берілді.

Сол сияқты округ әкімі жоғарыда айтылып өткен жұмыстардан бөлек жуырда аудан әкімінің есебінде көтерілген қаңғыбас иттер, жер-жерлердегі қоқыс сияқты мәселелер де уақтылы қарастырылып, жоспарға сай, кезең-кезеңдерімен шешілетіндігін айтты.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях