22 жастағы қазақ жігіті алып әуекомпанияның ұшқышы атанды

22 жастағы қазақ жігіті алып әуекомпанияның ұшқышы атанды

Алматы облысынан шыққан Дәурен Сәбитов небәрі 22 жасында Американың ең алып әуекомпанияларының бірінде ұшқыш-инструктор болып жұмыс істейді. Оның ең алғаш штурвалға отырған сәті, АҚШ-тағы ұшқыштардың жалақысы және қазақ авиациясының жағдайы туралы Tengrinews.kz сайтында жария болды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

Дәурен 1999 жылы қазақтың қарапайым отбасында туған. Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған ол  Алматыдағы ҚТЛ-ды бітіріп, бірден Америкаға жол тартады.

– 2017 жылы мектепте бірге оқыған сыныптастарыммен бір уақытта АҚШ-тағы Калифорния штатының Сан-Матео қаласына келдік. Достарымның арасында мен ғана авиацияны таңдадым. Оның өз тарихы бар, – деп әңгімеледі жерлесіміз.

Дәурен Сәбитовтің әкесі де ұшқыш болып шықты. Бала Дәуреннің мамандық таңдауына әкесі Ғалым зор ықпалы еткен.

– Әкем көп жыл бойы авиация саласында жұмыс істеп жүр. 5 жасымда алғаш рет өзінің жұмыс орнына апарғаны есімнен кетпейді. Өз көзіммен алып ұшақтарды, олардың арнайы дайындықтан өту процесін сол кезде бірінші рет көрсем керек. Тіпті, әкеммен бірнеше рет ұшқан кездерім де болды. Ұшқыштардың кабинасынан ғана байқауға болатын әуедегі көрініс, күннің шығуы мен батуы мені бірден баурап алды. Қысқа қайырғанда, болашақта кім болатынымды 5 жасымда-ақ білдім ғой, – дейді ол.

Қазір ол Standord Flying арнайы оқу орнында білімін жетілдіріп, жоғары санатты сертификат алуға дайындалып жүр. Оның айтуынша, Америкадағы ұшқыштарды даярлайтын оқу орындарының бағасы Қазақстанмен бірдей.

– Біреу сенер, біреу нанбас, бірақ АҚШ-та ұшқыштарды дайындайтын орындар Қазақстандағы академиялардан арзанырақ. Авиациясы ең мықты дамыған ел болса да, ұшқыштар үшін бар жағдайды жасаған, – деп ойымен бөлісті жас ұшқыш.

2021 жылы Дәурен бала кездегі арманын орындап, Американың ең атақты әуекомпанияларының біріне жұмысқа тұрған. Сонымен қатар, Дәурен жеке тапсырыс қабылдап, чартерлік рейстердің де тізгінін ұстап жүр.

– Set Jet деген чартерлік рейстермен айналысатын компания бар. Қолым бос болса, олардан түскен тапсырыс бойынша ұшамын. Әдетте бұл компанияны тек қалталы азаматтар жалдайды», – деді ол. Дәуреннің айтуынша, АҚШ-та ұшқыштардың жалақысы өте жоғары, қаржыдан қысылып жүрген адам табу қиын-ақ.

– Америка ұшқыштардың айлығын аямай төлейді. Менімен бірге жылына 550 мың доллар табатын кісі жұмыс істейді. Ең төмен дегендері 200-250 мың доллар төңірегінде айлық алады. Бұл енді мамандардың кәсіби білігіне және тәжірибесіне байланысты. 5 жылдан кейін менің де соншалықты қаражат табуға мүмкіндігім бар, – деген Дәурен Сәбитов пилот есебінде 900 сағат ұшқанын да айтты. Одан бөлек, жерлесіміз ұшқыштар жайлы кең тараған мифтер мен жалған ақпараттарға тоқталды.

– Біріншіден, ұзақ рейстерден ұшқыштардың денсаулығына ешқандай зақым келмейді. Ұшақ толық герметикадан өткендіктен 15 мың метр биіктің өзінде оттегін бірдей жұтамыз: басымыз ауырмайды, жүрек соғысымыз бірқалыпты. Екіншіден, ұшқыштар ешқашан жұмыс барысында ішімдікке жол бермейді. Әр рейстің алдында қан тапсырамыз. Үшіншіден, ұшақ қауіпсіз транспорт деген қорқыныш бар. Әлем бойынша күніне миллиондаған рейс шығады және олардың 99,9 пайызы А нүктесінен Б нүктесіне аман-есен жетеді. Аэрофобиядан арылу керек, – деді Дәурен Сәбитов.

Жас ұшқыш Қазақстанға қашан оралатынын да айтып берді. Ол елге келіп, жас студенттермен жұмыс істегісі келетінін алға тартты.

– 5-6 жылдан кейін елге қайтып, Америкада жинаған тәжірибемді Қазақстан авиациясының дамуына арнасам деймін. Оқуды енді бітіріп, ұшақ экипажына аяқ баса алмай жүрген жастарға бағыт көрсетуді армандап жүрмін», – деп сөзін аяқтады ол.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях