Игілігі көп, нәтижесі жақсы  

Игілігі көп, нәтижесі жақсы   

Ауданымызда мемлекеттік қызмет саласында ерінбей қызмет істеп, ел игілігі үшін аянбай тер төгіп жүрген азаматтарымыз жетерлік. 23 маусым  мемлекеттік қызметшілер күніне орай, осындай іскер жандардың қатарында өзінің жақсы нәтижелі жұмысымен алдан көрініп жүрген Елтай ауылдық  округінің әкімі  Біржан Махатов жайлы болмақ, деп хабарлайды naqty.kz.

Жастайынан ата-анасының берген жақсы тәрбиесін бойына сіңіріп, адал азамат болып, адамдарға көмек беруді үйренген Біржан  бүгінде ел игілігіне қызмет етіп жүр. Өйткені, ол ауданымыздағы халық таңдауы арқылы сайланған алғашқы әкім. Алматы облысындағы ауыл әкімдерінің ішіндегі ең жас округ басқаратын мемлекеттік қызметші.   «Жас келсе іске» демекші, өзіне алған міндетті абыроймен атқарып, халыққа қызмет етіп келе жатқан Біржан 1994 Қарасай ауданы Қаскелең қаласында дүниеге келген.  Мектеп табалдырығын 2001 жылы Шамалған бекетіндегі Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебінде аттап, 2003 жылы Береке ауылындағы Бейсебаев мектебін бітіріп, орта білім аттастатын осы жерден алды. 2016 жылы Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетін «шетел филолыгы» мамандығы бойынша  бакалаврды, 2016 жылы Қонаев университетін магистратураны тәмамдаған. Еңбек жолын жоғары оқу орнында білім алып жүріп, Қарасай ауданы, Елтай мен Ұмтыл  ауылдық округ әкімдіктерінде бас маман болып бастаған.  Бұл жерде де жұмысы өте ауқымды еді. Округтегі кейбір мәселелерді шешу, келген тұрғындардың өтініштері мен арыздарын тыңдап, оларға көмектесу сияқты әртүрлі жайды шеше білді.

Іскерлігімен көзге түсіп, Іргелі ауылдық округ әкімінің орынбасары қызметіне жоғарылаған. Одан кейін біліктілік тәжірибе жинаған соң, аудандық әкімдікке ұйымдастырушы бөлімінің басшысы ретінде тағайындалған. Ал, 2021 жылы өзінің түрғылықты жері Елтай ауылдық округі әкімінің лауазымына сайлауға түсіп,  халық даусының басымдылығымен жеңіске жетті. Аталған округ ауданымыздағы ең ірі өндіріс орындары шоғырланғанған аймақ. Сондықтан ол кәсіпорындарға әртүрлі көмек көрсетіп, зауыттардың жұмысы мен өндірілген өнімдердің көлемін жіті назарға алып, бір сөзбен айтқанда, шағын және орта бизнестің жұмыстарына қолдау білдіруді назардан тыс қалдырмайды. Әкім ретінде қызметке кіріскелі бері Жармұхамбет орта мектебінің салуына ықпал еткен, өткен жылы бір, биылғы жылы Елтай, Қаратөбе, Көкөзек ауылдарында үш «street work out» спорттық алаңын салуды жоспарлап отыр. Қаратөбе ауылындағы Т. Бокин көшесінің жолына күрделі жөндеуден өткен. Алдағы уақытта округ халқын сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, Елтай мен Көкөзек ауылдарына мектеп құрылысын бастауды жоспарлап отыр.  Маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан Біржан Манатұлының адал еңбегі лайықты бағасын алып та жүр. Ол бірнеше мәрте аудан әкімдігі мен облыстан өз ісінде жоғарғы нәтижелерге қол жеткізіп, мемлекеттік қызметтің дамуына үлес қосқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды. Аудандағы ең үздік мемлекеттік қызметші номинацияны лайық деп танылған.

– Алғашқы уақытта жас болған соң, қабылдауға келген егде жастағы кісілермен бір мәмілеге келу қиындық туғызатын. Бір сөзбен айтқанда, жас қой деп, сенімсіздік танытып, мән-жайды анықтауда біршама әбігерге түсетінмін. Бірақ, жергілікті халықтың қолдауымен, жұмысқа тез үйреніп тіл табысып кеттім, – дейді өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын жас әкім.

Кейіпкеріміз отбасын құрып, жары Аида екеуі тұңғыш ұлдарын  қолдарына алып, өздері де ата-ана болу бақытын сезінді. Ол өз ісіне берік  болғанымен, отбасымен де уақыт өткізуді ұмытпайтын адам. Ол жұмыстан қолы тисе немесе демалыс күндеріне шыққан кезде волейбол ойнауға, атқа мініп серуендеуді ұнатады екен.

– Бұл жолды таңдаған әр адам өзінің атқарар жұмысына тыңғылықты әрі үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Себебі, бір кішкентай нәрседен мүлт кетсе, оның осы уақытқа дейін жинаған абыройы мен атқарған ісіне үлкен сын болады. Біздер билік пен қарапайым халықтың арасындағы алтын көпір болғандықтан, халыққа адал қызмет етуіміз қажет. Жеке басым, мен үшін мемлекеттік қызметші болу мәртебе немесе лауазым емес, бұл менің елімнің дамуы үшін үлкен үлес қосуыма берілген мүмкіндік, – дейді Біржан.

Әрине, 20 мың жуық халқы бар округті басқару оңай емес. Алайда, жас та болса басшы болып отырған Біржан Қаратөбе, 71 разъезд, Исаев, Ақсеңгір, Көкөзек, Жармұхамбет, Көктоған, Береке, Елтай сынды тоғыз елдімекеннің қиыншылығы мен ауыртпашылығын бірдей көтеріп, округтің мәселелерін оңтайлы шешілуіне барын салуда. Қорыта келе айтарымыз, жақындары мен достарының арасында қамқор ұл, сенімді күйеу, жақсы әрі адал дос, ал, еңбек жолында білікті басшы Біржан Манатұлын төл мерекесімен құттықтай отырып, әрқашан тек биіктен көріне беруіне тілектеспіз!

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях