Бүгін Қоғамдық кеңестің отырысында ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры Олжас Данабеков еліміздегі саяси партияларды құру және тіркеу жеңілдетілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
– Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Саяси партияларды құру үшін тіркеу кедергісін 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету мәселесін «Саяси партиялар туралы» Заңына тиісті өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асыру ұсынылады. Бұл ретте саяси партияларды құру үшін қазіргі тіркеу кедергілері 10 жылдан астам уақыт сақталып отыр және Президент атап өткендей, ол өткен кезеңнің талаптарына сәйкес келеді, – деді департамент директоры.
Сондай-ақ, Олжас Данабеков осы ретте, халықаралық тәжірибе қосымша зерттеліп, әр мемлекетте саяси партияларды тіркеу үшін адам санында елеулі айырмашылықтар бар екендігі байқалғанын айтты.
– Бұл жағдай мемлекеттің саяси және әкімшілік құрылымы бойынша, сонымен қатар, халық саны бойынша ерекшеленеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысының ұсынып отырған бастамасының мақсаты – көппартиялық процесті қамтамасыз ету, олардың мемлекеттік шешімдерін әзірлеу және қабылдау процестеріне белсене қатысуын қамтамасыз ету, – деді ол.