Бекболаттағы ескі Мәдениет үйі жөнделеді ме, әлде мектепке айналады ма?

0
2420

Бекболат ауылындағы ескі Мәдениет үйінің жыры бітер емес. Тозығы жеткен ғимараттың мәселесі бүгін аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың Бірінші Май ауылдық округінде өткен есептік кездесуінде тағы талқыланды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Жиын барысында аталмыш ауылдық округтің ақсақалдар алқасының төрағасы Бақытжан Әлменбетов бірнеше мәселені көтеріп, соның ішінде іргетасы 1986 жылы қаланған Мәдениет үйіне де тоқталды.

Ақсақалдың өтінішіне құлақ түрсек, жеке меншікке өтіп кеткен ескі ғимарат сол күйінде халық игілігіне берілсе дейді. Өйткені округте әлі күнге дейін мерекелік басқосулар болатын өнер ордасы жоқ. Бұл мәселеге көңіл бөлген аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы ескі ғимаратқа тиіспей, жер телімін тауып, соған жаңа Мәдениет үйін салсақ деген ұсынысын жеткізді. Алайда округ халқы бұрынғы нысанның сапасы әлі жақсы екенін айтып, оны тек күрделі жөндеуден өткізу қажет екенін жеткізді. Бір қызығы, дәл осы есептік кездесуге аталмыш мәселеге арқау болып отырған ескі ғимаратты сатып алуға ниетті, аудан бойынша бес балабақшасы бар Гүлнәр Ешметова да қатысып, өз ойын білдірді. Шәкірттерінің болашағын ойлап бүгінде ол нысанды толық сатып алмаса да кепіл ретінде ақшасын төлеп қойған. Білім саласында тәжірибесі мол ұстаз Гүлнәр Жалауқызы дәл осы Мәдениет орталығын мектепке айналдырмақшы. Бірақ ғимараттың айналасындағы жер телімдері құрылысты толықтай жүргізуге кедергі екенін айтып, оны біржақты шешу үшін аудан әкімінен көмек сұрады. Өз кезегінде Жандарбек Ермекұлы осы мәселеге ерекше көңіл аударып, жаңа білім ордасын ашуға қолдау білдіретінін ашық түсіндірді. Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, мектепті басқа жерге салу жолын қарастыруға да болады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь