Уақытша тіркеуді қарасайлықтар қалай қабылдауда?

0
2083

Биылғы жылдың басынан, елімізде азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты заңға өзгерістер енгізілгені белгілі. Бұл жаңалық қоғамда айтарлықтай дау туғызып үлгерді. Пікірлер де екіге жарылды, жаңа талап біреуге жақты, екіншіге ұнамады, дегенмен, тұрғындар тиісті құжаттарын қолдарына ұстап жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тоқтаусыз ағыла бастады…

Бүгін біз ауданымыздағы осыған қатысты жағдайды білмекке ХҚКО-на бас сұқтық. Әншейінде де адам аяғы сиремейтін қоғамдық орындағы қарбалас күшейген, келушілердің қарасы да әдеттегіден артып кеткен. Әсіресе, кезек нөмірін алатын жер мен Қарасай аудандық көші-қон полициясы қызметкерлері отыратын екінші қабатта тосқандардың тізбегі көп!

Аудандық көші-қон полициясының аға инспекторы, полиция майоры Айдар Мусекеновтың айтуынша, бүгінгі алғашқы жұмыс күнінде 360 қарасайлық азамат тіркеліп үлгерген. Олардың 300-і уақытша тіркеу ретінде есепке алынған. Мұндағы жұмыс тәртібі де күшейтіліп, қосымша екі қызмет көрсету терезесі іске қосылған. Жалпы тіркеудің өзі 10-15 минуттан артық уақытты алмағанымен, адамдардың шыдамсыздығы мен бір-біріне түсіністікпен қарамауы кезек күту барысындағы кейбір қолайсыздықтарға итермелеуде.

Бұл ретте тіркелуге асыққан тұрғындарды да сөзге тартып көрдік. Олардың бірі басқа қаладан келіп, үйінде тұрып жатқан туысқанын уақытша есепке тұрғызуға келіп отырғанын, екіншісі, үйінің құжаты рәсімделіп бітпегендіктен, өзі өзгенің үйіне тіркелуге мәжбүр болып отырғанын, тағы да басқа себептерді алға тартып жатты.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың 7 қаңтарынан бастап Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді Қазақстан Республикасы азаматтарының күнтізбелік он күннен бір айға дейінгі мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тiркеусіз тұрса бірінші ескерту жасалады. Ал, бір айдан астам мерзімде тiркеусіз тұрса, жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Сонымен қатар, жалға берушінің (жалдауға берушінің) меншiк иесiне тиесілі немесе басқа да тұлғалардың қарамағындағы тұрғынжайларда, ғимараттарда және (немесе) үй-жайларда жеке тұлғалардың тiркеусіз тұруына жол берілуі анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады (10 айлық есептік көрсеткіш – 22 690 теңге).

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь