Ауданда жаңа театр құрылды

Ауданда жаңа театр құрылды

Аудандық мәдениет үйі жанынан «Жастар» театры құрылды, — деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Ауданымызда Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі бүгін күндізгі уақытта Сулеймен Демирел университетінде көпшілікпен аталып өтілген еді. Оның жалғасы жастардың флешмобына ұласып, маңызды, әрі ерекше басқосу кешке таман мәдени іс-шарамен аяқталды. Нақты айтқанда, аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жастар» театрының алғашқы қойылымымен тұсауы кесілді. Сахналық ортаны қалыптастырып, әртістердің басы біріккен бұл өнерлі ортаны ауданның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған мәдени шаралардың бірі десек те болады.

Аудан бойынша алғаш болып құрылған «Жастар» театры бүгінгі сахналық қойылымын Нағашыбек Қапалбектің «Қарасай батыр» атты шығармасын арқау етті. Әртістік шын шеберлігін паш еткен жастар Қарасай бабаның жаугершілік замандағы өмір көрінісін суреттеп, театр сүйер қауымға тағылымды ой сала білді. Қандай да бір шығарманың бағын ашып, көрерменге ұғынықты жеткізу үшін режиссердің де еңбегі зор екенін білген дұрыс. Бұл ретте әрине, режиссерлік қырынан танылған Бағлан Қалмановты да ерекше атаған жөн. Оның осы тарихи драманы сахналау барысында өнерге деген шын жанашырлығын, біліктілік арқасында әртістерді лайықты етіп таңдағынын байқауға болады.

Осылайша, «Жастар» театры алғашқы қойылымын сәтті шығару арқылы өз көрерменіне жол таба білді. Қойылым соңында аудан әкімі Жандарбек Далабаев өнерлі ұжымға ықылас гүлін табыстап, алғысын айта келе, жас театр үшін аудандық әкімдіктен қашанда қолдау білдіретінін жеткізді.

Жалпы, бұл өнерлі орданың шығармашылық жұмысы келешекте әлі талай жалғаспақ. Олардың театрланған сахналық көріністері өнер сүйер қауымға әр жанр жағынан да жол тартатын болады.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях