Аудан әкімі қарасайлық ұстаздарды құттықтады

Аудан әкімі қарасайлық ұстаздарды құттықтады

Бүгін Қарасай ауданы педагогтарының төл мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті. Ұстаздар қауымын аудан әкімі Жандарбек Далабаев өзі құттықтап, еңбегі еленген жандарды марапаттап, мерейлерін өсірді, деп хабарлайды karasayinfo.kz  желілік басылымның тілшісі.

Бұл күні қатарда жүріп, қалтқысыз іске кіріскен мұғалімдермен қатар, өз өмірлерін шәкірт тәрбиелеуге арнап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған білім беру саласының ардагерлері де аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік шарада бас қосып, мәре-сәре болды.

Алғашқы сөз кезегін алып сахна төріне көтерілген Жандарбек Ермекұлы «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал, жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деген қанатты сөзбен барша ұстаздар қауымының қоғамдағы алар орнын айғақтай отырып, өсіп келе жатқан буынға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы педагогтар алдында тұрған маңызды міндеттерді де тілге тиек етті. Осы бір қызығынан қиыны көп, жауапкершілігі мол мамандық иелеріне деген жылы лебізін жеткізіп, бар жақсылықты тіледі.

Мұнан кейін бірқатар мереке иелері ел алдында марапатталды. Атап айтқанда, Жандарбек Ермекұлы өз атынан жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін еліміздің болашағы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған табысты еңбегі үшін бірқатар ұстаздарды Құрмет грамоталарымен,  Алғыс хаттармен  марапаттады.

Салтанатты шара әрі қарай мерекелік концертке ұласты.  Концерттік бағдарламаның шымылдығы ұстаздарға арналған бейне-роликпен ашылды. Одан кейінгі кезек  сахна төріне шыққан  «Қалбүбі» өнер студиясының балаларының әсем әнімен жалғасты. Сонымен қатар, «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің өнерпаздары да ұстаздарға деген ізгі лебіздерін әсем әнмен, мың бұралған бимен жолдады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях