Қарасайлық өнерпаздың кезекті жеңісі

Қарасайлық өнерпаздың кезекті жеңісі

Жуырда Ақтөбе қаласында пайда болғанына аз уақыт болсада, әлем сахнасына бірқатар жарқын да жас жұлдыздарды сыйлап үлгерген «Baqytty bala» ІІ ашық фестиваль конкурсының екінші маусымы өтті. Оған ауданымыздағы «Қалбибі» өнер студиясының шәкірті, жас өнерпаз Нұрлыбек Сапарбаев та қатысып, кезекті жеңіспен оралды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Екінші жыл қатарынан өткізілген аталмыш халықаралық байқау биыл облыс орталығы Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай қала әкімдігі мен «Димаш-Әли» продюсерлік орталығының қолдауымен ұйымдастырылған. Халықаралық мәртебеге ие болып, қазақстандық өнер өлкесіндегі өрендерді әлемге танытып жүрген байқаудың мақсаты жаңа есімдерді тауып, олардың алға қарай жүруі үшін жағдай жасау, қатысушылардың орындаушылық шеберліктерін жетілдіру, вокал өнерінің үздік дәстүрлерін дамыту. Өнерлілер сайысына қатысуға Ресей мен Украина сынды жақын шетелді айтпағанда, Греция мен Канада сияқты шалғай елдерден келген 10 жастан 15 жасқа дейінгі 500 аса үміткер қатысуға ниет білдірген. Алайда байқаудың ақтық сынына тек 20 қатысушы ғана іріктеліп алынған. Сайыс шарты бойынша қатысушылар қазақ тіліндегі бір әнді (оның ішінде өзі жазып шығарғанын да) жеке орындағаннан кейін, дүниежүзілік хиттердің бірін таңдап, талантын дәлелдеуі тиіс еді. Әр аймақтың үкілеген үміттерін бәйгеге қосқан өнер додасына ауданымыздың жас өнерпазы, жақындағана өткен «Бозторғай» халықаралық байқаудан жүлделі оралған Нұрлыбек Сапарбай да қатысып, бәсекелестерінен өнер бәйгесінде оза шауып кезекті жүлдені қанжығасына байлады. Атап айтар болсақ ауданымыздың атын тек республикалық емес сондай-ақ, халықаралық дәрежеде шығарып жүрген жас әншіміз І орынмен 250 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.

Осылайша қарасайлық жас өнерпазымыз үлкен сахнада өз өнерін көрсетіп, енді 90 жылдығын тойлағалы отырған ауданымыздың абыройын тағы бір асқақтатып, қуанышын еселеткен Нұрлыбекті кезекті жеңісімен құттықтаймыз!

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях