Қалың көпшілік Президенттің ұстазы Сейітхан Исаевпен қоштасты

Қалың көпшілік Президенттің ұстазы Сейітхан Исаевпен қоштасты

Дүйсенбі күні Елбасының алғашқы ұстаздарының бірі, тарихшы Сейітхан Исаев 102-ге қараған шағында дүниеден озған еді.  Ұлы Отан соғысы ардегерімен қоштасу рәсімі бүгін Қаскелең қаласында болды, — деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Сейітхан Ахметұлы 11 ақпан күні таңертең ауруханада көз жұмған болатын. Ол туралы еліміздің барлық БАҚ құралдары жарыса таратып жатты. Бүгін ардагер ұстазды оның әріптестері, шәкірттері, жақындары соңғы сапарға аттандырып, жер қойнына тапсырды.

Ардагермен қоштасу рәсімін аудан әкімі Жандарбек Далабаев өзі жүргізді.Ал, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов майдангердің қазасы ауыр тигенін айтып, мектеп кезіндегі оқушысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жолдаған телеграммасын оқып берді. Онда Елбасымыз қариямыздың жақындарына қайғыра көңіл айтатыны, мыңдаған шәкіртке ұлағатты ұстаз атанғаны жайлы жазылған. Сонымен қатар, республикалық ардагерлер кеңесінің өкілі Көпболсын Бекмағанбетов барлық қариялар мен ардагерлердің атынан көңіл айтып, жарқын естеліктерімен бөлісті. Осындай өшпес күндерін еске алған Елбасымыздың сыныптасы Едіге Жүнісбеков те сөз алып, ардақты ардагердің жеткен жетістіктері мен артқа қалдырған мол мұрасы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалатынын жеткізді.

Дүйім жұрттың қатысуымен өткен майдангердің жаназасы оқылған соң, оның денесі марқұм зайыбы Нұрғайын Кәуезханқызының жанына жерленді.

Сейітхан Ахметұлы Исаев 1918 жылы 31 желтоқсанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының № 9 ауылында туған. 1935-38 жылдар аралығында Педрабфакта оқып, мұғалімдік мамандық алып шыққан.

Ұлағатты ұстаздың 60 жылдық еңбек жолында білім алған сан мыңдаған шәкірттер арасында қаншама ақын-жазушылар, мемлекет, қоғам қайраткерлері, ғалым-ғұламалар, саясаткерлер болды. Әрине, оның ішінде тәуелсіз мемлекетімізді құраған,Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшымыз, Елбасы Н.Ә.Назарбаев та бар.

С. Исаев Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері, бейбіт өмірдегі берекелі еңбегі үшін көптеген орденмен, медальмен наградталған. Олардың ішінде І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері, «Парасат» ордені, «Барыс» ордені, «Германияны жеңгені үшін» медалі, «Жуков» медалі, Ы. Алтынсаринатындағы медаль бар. Сондай-ақ, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері, қалалық, аудандық кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланған. Алматы облысының, Қаскелең қаласының, Қарасай ауданының «Құрметті азаматы».

Марқұм зайыбы, Ұлы Отан соғысына қатысқан Нұрғайын Кәуезханқызы екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірген.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях