Алматы қаласында коронавирус инфекциясын анықтайтын тағы да зертханалар пайда болмақ, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымованың айтуынша, жақын арада Алматыда қосымша үш зертхана коронавирус инфекцияларын анықтау жұмыстарын бастайды.
– Зертханалар санына келсек, бұған дейін үш зертхана жұмыс істеп тұрса, тағы үш зертхана қосылады. Олардың бірі – Корея мен Қазақстанның бірігіп ашқан жекеменшік зертханасы. Бұл ұйымның арнайы рұқсат құжаттары бар. Сондай-ақ, «Олимп» клиникалық диагностикалық зертханасының да арнайы рұқсаты бар. Сосын СПИД орталықтың лабораториясы қосылатын болды, – деді онлайн брифинг барысында А.Молдақасымова.
Департамент басшысының мәлімдеуінше, «Олимп» КДЗ бірнеше күннен іске кіріседі. Ал, Корея-қазақстандық компания қазіргі уақытта жұмыс істеп жатыр. Дәл сол сияқты ЖИТС орталық жұмыс материалдарын жеткізу жөнінде келісімшарт жүргізуде.
Естеріңізге сала кетейін, осыған дейін сырқаттарды анықтайтын арнайы сынама «Олимп» және «Invivo» секілді медициналық орталықтардың арнайы зертханасының базасында өткізілетіні жайлы кейбір сайттарда айтылған еді. Енді олардың қатарына жоғарыда аталған жаңадан қосылатын үш зертхана кіреді.