Соңғы уақыттарда біздің ауданымызда шағын және орта бизнес кәсіпкерлігі қарыштап дамып келеді. Енді міне, оның қатары экокултуре филдс компаниясы ашқан жылыжай кешенімен де толықты. Елтай ауылдық округіне қарасты Қаратөбе ауылында орналасқан жеміс-көкөніс өндіретін орынның бүгін салтанатты ашылуы болып, оған аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы мен Алматы облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Мақсұт Жапаров арнайы қатысты. Жалпы аумағы 4,1 гектарды қамтитын жылыжай қазіргі таңда қияр және қызанақ көкөністерін өндіруді қолға алуда. Сондай-ақ, аталмыш жобаның іске асуына «КазАгроҚаржы» АҚ-ы қаржылай қолдау көрсеткенін де айта кеткен жөн.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған бұл кешендегі өнімдерді өсіру үшін тамшылатып суару әдісін қолданады. Компания басшысы Данияр Абдулгафаровтың айтуынша жылыжай 1 жылдан кейін толық қуатты іске қосылып, 60-70 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарда бар екенін айтады. Сонымен қатар, келешекте жұмыскерлердің де, өінмдердің де санын арттыруды көздеп отыр. Ал, Алматы облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Мақсұт Рамазанұлы бұл жылыжайдың облыс көлемінде алатын орны ерекше екенін айтады.
Аталмыш кешеннің тағы бір ерекшелігі — жылыжай табиғи газбен жұмыс істегендіктен, одан шыққан түтінді су тамшыларына айналдырып, өнімдерді өсіруге пайдалану. Жылыжайдың ендігі мақсаты түрлі көкөніс, жеміс-жидектердің санын арттырып, халыққа қолжетімді, әрі тиімді бағамен жеткізу.