Жолдауды іске асыру мақсатында жалпыұлттық жоба құрастырылды

Жолдауды іске асыру мақсатында жалпыұлттық жоба құрастырылды

Үкімет жиынында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Конструктивті қоғамдық сұхбат – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыру мақсатында жасалатын жалпыұлттық жоспарының жобасы талқыланды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Отырысқа қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше аталмыш жоба 5 бағыт бойынша 81 іс-шарадан тұрады.

«Қазіргі заманғы тиімді мемлекет» атты I бағыты бойынша Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған 11 іс-шараны іске асыру; азаматтардың өтініштерімен жұмыс сапасын күшейту, мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын кезең-кезеңімен 25%-ке қысқарту, қатысушылар үшін қолжетімділікті ескере отырып, белгілі бір жерлерде бейбіт митингілер өткізуге рұқсат беру көзделген. Сондай-ақ, әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абайдың 175 жылдығын, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мен Алтын Орданың 750 жылдығын өткізу жөніндегі республикалық жоспарлар әзірленетін болады.

Екінші «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша сот шешімдерінің мониторингісі мен судьяларды бағалауды енгізу, «Сот практикасының сандық аналитикасы» жүйесін сынақтан өткізу, озық халықаралық тәжірибе негізінде әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру бойынша 15 іс-шара іске асырылады. Жеке адамға қарсы бірқатар ауыр қылмыстарды, браконьерлік, әкімшілік Әділет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар енгізу бойынша 5 Заң қабылдау жоспарлануда. 2020 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін Қарулы Күштер мен әскери құрылымдарды дамыту тұжырымдамасы жаңа редакцияда қабылданады.

«Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» III бағыты бойынша экономиканы әртараптандыру, бизнес пен банк секторын дамыту, салық және бюджет заңнамасы бойынша 27 іс-шара іске асырылады. Микро және шағын бизнес үшін «Бизнестің жол картасы-2025» аясында жаңа және әлеуметтік жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылатын болады. Микро және шағын бизнес табыс салығынан және үш жылға тексеруден босатылады. Бұдан басқа, ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігіне, оларды қысқарту бойынша ұсыныстар енгізе отырып, талдау жүргізілетін болады.

«Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі» IV бағыты бойынша 18 іс-шара қарастырылған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге кредит беру кеңейтіледі, жоғары оқу орындарының санына талдау жүргізіледі, педагогтардың, мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы ұлғайтылады. Атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру, табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік пакетті енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.

«Мықты өнірлер – мықты ел» V бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдарды бағалау жүйесі қайта қаралатын болады, бюджеттің 4-деңгейіндегі кірістерді кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленеді, 3 ірі қала әкімдіктерінің құзыреті кеңейтіледі. «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосу үшін газ тарату желілері кезең-кезеңмен пайдалануға берілетін болады.

Сонымен қатар, Әлихан Смайылов жалпыұлттық жоспардың іс-шараларын іске асыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру Үкіметтің жобалау офисінде болатынын да айтып өтті.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях